​ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТЫҚТАР ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

0
78


​ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТЫҚТАР ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Қазығұрттықтар Эквадор мемлекетінің Гуаякиль қаласында жасөспірімдер арасында дзюдодан өткен әлем чемпионатында ел намысын абыроймен қорғап, қола жүлдеге ие болған Ерік Үсеновты туған жерінде салтанатты түрде қарсы алды.


Жас спортшыны қарсы алу рәсіміне ауданның зиялы қауым өкілдері, спорт саласының мамандары, жаттықтырушылар, ауыл тұрғындары мен жас спортшылар қатысты.

Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Мақсат Беркінбай сөз сөйлеп, әлемдік додада жүлдеге ие болған Ерік Жаханбекұлын жарқын жеңісімен құттықтады. Жас спортшының халықаралық аренада ел намысын қорғап, Қазақстанның көк туын көкке көтергенін атап өтіп, алдағы жарыстарына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары жас чемпионды жеңіске дайындаған бапкері Нұрболат Малдыбайұлына алғыс білдіріп, жас спортшыларды тәрбиелеу жолындағы ерен еңбегін ерекше атап өтті.

Ел мерейін үстем етіп, аудан абыройын асқақтатқан жас спортшыға аудан әкімдігі атынан 500 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық табысталды. Ал Ерік Жаханбекұлының туған жері – Шарбұлақ ауылының тұрғындары жас чемпионға құрмет көрсетіп, арғымақ мінгізді.

Сонымен қатар жас спортшыны тәрбиелеп, биік белестерге жетелеген бапкері Нұрболат Малдыбайұлы да назардан тыс қалмады. Спорт саласында еңбек етіп жүрген жаттықтырушылар қауымы бапкерге ат мінгізіп, құрмет көрсетті.