Олар Өзбекстан, Оңтүстік Корея және Тайвань спортшыларымен қолғап түйістіреді.
Фото: instagram.com/qaz_team_official
ERNUR.KZ. Бангкок қаласында World Boxing ұйымының аясында өтіп жатқан бокстан жастар арасындағы (U22) Азия чемпионатында қыздар арасындағы жартылай финалдық жекпе-жектер аяқталды. Жартылай финалға өткен Қазақстанның төрт бірдей боксшысы жеңіске жетіп, финалға жолдама алды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
48 келіге дейінгі салмақта бұған дейін ширек финалда жапон спортшысын жеңген Гүлназ Бөрібаева жартылай финалда Моңғолия өкілімен кездесіп, төрешілердің бірауызды шешімімен айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Өз салмақ дәрежелерінде қатысушылар саны аз болуына байланысты Бақыт Сейдiш (70 кг), Шұғыла Налибай (75 кг) және Әсел Тоқтасын (+80 кг) жарысты бірден жартылай финалдан бастады.
Олар да өз қарсыластарын – Үндістан (екі жекпе-жек) және Өзбекстан өкілдерін жеңіп, финалға жолдама алды.
Алтын медаль үшін өтетін финалдық кездесулерде қазақстандық боксшылар Өзбекстан, Оңтүстік Корея және Тайвань спортшыларымен қолғап түйістіреді.
Осы уақытта Қазақстанның тағы бес боксшысы жарысты алғашқы айналымда аяқтады. Олар Қытай, Тайвань, Корея және Өзбекстан өкілдерінен жеңіліс тапты.
Ерлер арасындағы турнирге келсек, бүгінгі таңғы сессияда финалға жолдама алған боксшылар анықталды. Жарысқа қатысқан он қазақстандықтың бесеуі шешуші кезеңге өтіп, 22 жасқа дейінгі Азия чемпионы атағы үшін таласты жалғастырады.