Қазақстан футболдан әлем чемпионатына жасалған бойкотқа қосылды

0
235

Қазақстан 2002 жылдан бері УЕФА мүшесі, оған дейін Азия футбол конфедерациясының құрамында болған.


Қазақстан футболдан әлем чемпионатына жасалған бойкотқа қосылды

Фото: Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол

ERNUR.KZ. Еуропа футбол қауымдастықтары одағына (УЕФА) мүше барлық 55 елдің, соның ішінде Қазақстан футбол федерациясының Әлем чемпионатын коммерцияландыру жоспарына байланысты ФИФА аясындағы жарыстарға қатысудан бас тартатынын мәлімдеді, деп жазады tengrisport.kz.

"УЕФА және оның ұлттық қауымдастықтары ФИФА жарыстарына қатыспайды. УЕФА мен оған мүше 55 қауымдастық біртұтас майдан ретінде әрекет етеді. Біз ФИФА-ның Әлем кубогі мен басқа да жарыстарға иелік ету құқығын жеке инвесторларға беру туралы ұсынысын бірауыздан және нақты түрде қабылдамаймыз.


Футболдан әлем чемпионаты инвестициялық өнім ретінде қарастырылмауы тиіс. Бұл - футболдағы ең ұлы спорттық жетістіктердің бірі. Оны көптеген ұрпақ бойы түрлі елдердің ойыншылары, ұлттық құрамалары мен жанкүйерлері қалыптастырды", - делінген УЕФА мәлімдемесінде.

Еске сала кетейік, Қазақстан 2002 жылдан бері УЕФА мүшесі, оған дейін Азия футбол конфедерациясының құрамында болған.

УЕФА ФИФА-ға қарсы: қақтығыстың мәні неде?

БАҚ мәліметінше, ФИФА Әлем чемпионатын және Клубтық әлем чемпионатын басқаратын FIFA Forward Enterprise еншілес компаниясын құруды жоспарлап отыр.

Жарысты ұйымдастыру мәселелерін бұрынғыша ФИФА басқара береді, бірақ компанияның 20 пайызға дейінгі үлесіне иелік ететін жеке инвесторлар пайда болады.

Бұл келісім ұйымға 4 миллиард доллардан астам табыс, ал ФИФА президенті Джанни Инфантиноға жеке бонустар әкелуі мүмкін деп есептеледі. Дәл осы Инфантино ФИФА басшысы ретіндегі президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін жаңа компанияның жетекшісі болуы мүмкін.

УЕФА мен басқа да құрлықтық футбол бірлестіктері ФИФА-ның бұл қадамын футболды коммерцияландыру деп санайды.

Дегенмен, түпкілікті шешім жалпы дауыс беру нәтижесіне байланысты болады. УЕФА-ның беделі зор болғанымен, оның дауыс беруде басымдығы жоқ. ФИФА құрамына 211 ел кіреді, ал Азия мен Африканың жиынтық мүшелер саны 100-ден асады.