“Челси” Дастан Сатпаевты басқа клубқа жалға берді

0
288


“Челси” Дастан Сатпаевты басқа клубқа жалға берді

Фото: Instagram chelseafc, burnleyofficial
ERNUR.KZ. “Челси” Дастан Сатпаевты 2026-2027 жылғы маусымға ағылшындық "Бернли" клубына жалға беретінін ресми түрде растады, деп жазады Stan.kz.

Сатпаев “Челсимен” 2033 жылға дейін келісімшартқа қол қойған. Ол 2026-2027 жылғы маусымды “Бернлидің” “Терф Мур” стадионында өткізеді.

Лондондық клуб қазақстандық ойыншыға сәттілік тілеп, оның мансаптағы дамуын жіті бақылап отыратынын жеткізді.

“Челсидің” барша ұжымы Дастанға алдағы маусымда сәттілік тілейді. Оның мансаптық дамуын бақылап, қолдау көрсету мүмкіндігін асыға күтеміз. Сәттілік, Дастан!”, – делінген клуб хабарламасында.

Ал “Бернли” әлеуметтік желідегі парақшасында Сатпаевты таныстырып, оны Қазақстаннан шыққан алғашқы футболшы деп атады.

Бұған дейін қазақстандық футболшы “Челсидің” Аустралия мен Азияға жасаған жазғы турына қатысқан еді. Сапар барысында ол команданың төрт кездесуінде алаңға шығып, “Вестерн Сидней Уондерерс” клубына қарсы матчтың алғашқы минуттарында гол соқты.

“Сатпаев шабуыл шебінде бірнеше позицияда ойнай алады. Ол футболдағы алғашқы дайындығын “Қайратта” алып, 2024 жылдың мамырында 15 жасында клубтың негізгі командасы сапында дебют жасады”, – деп жазылған “Челсидің” хабарламасында.

Қазақстандық футболшы “Қайраттың” негізгі құрамында 58 матч өткізіп, 26 гол соққан. Оның ішінде УЕФА Чемпиондар лигасындағы ойындар да бар.

“Қайрат” сапындағы сәтті өнерінің арқасында Сатпаев 2025 жылдың наурызында Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алды. Ол 16 жас, 7 ай 10 күнінде ұлттық құрама сапында дебют жасап, Қазақстан құрамасының тарихындағы ең жас дебютант атанды. Сатпаев ұлттық құрама сапында сегіз матч өткізген.

Сатпаев Қазақстан құрамасындағы алғашқы голын 2025 жылдың қарашасында Бельгияға қарсы кездесуде соқты. Матч 1:1 есебімен аяқталды. Осылайша ол 17 жас, 3 ай 3 күнінде ұлттық құрама сапында гол соққан ең жас футболшы атанды.