Алматыда жасөспірімдер арасында Тоғызқұмалақтан Әлем чемпионаты басталды

0
68

Биыл жарыс екінші рет ұйымдастырылып отыр.


Алматыда жасөспірімдер арасында Тоғызқұмалақтан Әлем чемпионаты басталды

Сурет: ҚР Тоғызқұмалақ федерациясының баспасөз қызметі

ERNUR.KZ. Алматыдағы "Зенит" спорт орталығында жасөспірімдер (U-15, U-17) арасындағы Тоғызқұмалақ Әлем чемпионаты өз жұмысын бастады, деп жазады zakon.kz.

Биыл жарыс екінші рет ұйымдастырылып отыр. Ашылу салтанатына қалалық әкімдік, Мәслихат, спорт басқармасы, Дүниежүзілік және Қазақстан Тоғызқұмалақ федерациялары, сондай-ақ шетелдік делегациялар қатысты.

Қазақстан Тоғызқұмалақ спорты федерациясының президенті Әкім Тұрсын халықаралық қатысушыларға сәлем жолдап, ұлттық ойынның маңыздылығын атап өтті: "Тоғызқұмалақта жеңілетіндер болмайды, ұтатын – ұлттық мүдде. Бұл ұлттық зияткерлік ойынға әлемнің қызығушылығы артып келеді. Дүниежүзілік федерацияның алдыңғы қатарлы елдерінен делегациялар бүгін Алматыда жинақталған", – деді Әкім Тұрсын.

Чемпионатқа 21 елден 180 жас спортшы қатысуда. Олардың ішінде Орта Азия мемлекеттері, Моңғолия, Пәкістан, Қытай, Үндістан, Германия, Италия, Корея, Түркия және Шығыс Еуропа елдерінің өкілдері бар. Жарыс классика (онлайн/офлайн), рапид және блиц форматтарында өтеді.

Жарыстың басты мақсаттары:

  • Тоғызқұмалақты әлемдік деңгейде насихаттау;
  • Жас буынның зияткерлік қабілетін дамыту;
  • Халықаралық ынтымақтастық пен мәдени байланыстарды нығайту.

Іс-шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Халықаралық Тоғызқұмалақ федерациясы бірлесіп атқарады. Турнирде еліміздің үздік төрешілері мен мамандары қызмет етеді.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы кубоктармен, медальдармен және дипломдармен марапатталады.

Ал чемпионаттың жабылу салтанаты 22 қараша сағат 14:00-де өтеді.

Тоғызқұмалақ – тек ойын емес, бұл ұлттық ойлау мәдениетін, даналық дәстүрін паш ететін мұра. Чемпионат жас ұрпақтың интеллектуалдық әлеуетін арттырып, қазақстандық спорттың абыройын биіктететін маңызды шара болып саналады.