Афинада жасөспірімдер Олимпиадасының алауы жағылды

0
87

Дакар-2026 ойындарына қатысатын спортшылар 25 спорт түрінен бақ сынайды.


Афинада жасөспірімдер Олимпиадасының алауы жағылды

Фото: olympic.kz

ERNUR.KZ. Грекияның Афина қаласында 2026 жылғы жазғы жасөспірімдер Олимпиадасының алауын жағу рәсімі өтті, деп жазады inbusiness.kz.

Биылғы ойындар Сенегалдың Дакар қаласында ұйымдастырылады.

Салтанатты шара тарихи "Панатинаикос" стадионында өтті. Олимпиада дәстүріне сай алау күн сәулесінің көмегімен жағылып, кейін Дакар ойындарын ұйымдастыру комитетінің өкілдеріне табысталды.

Халықаралық Олимпиадалық комитетінің президенті Кирсти Ковентри алдағы ойындардың тарихи маңызына тоқталды.

"Жақын арада Сенегалда әлемнің түкпір-түкпірінен жас спортшылар бас қосады. Бұл - Африка құрлығында өтетін алғашқы Олимпиада. Сенегал мен бүкіл Африка үшін бұл - мақтан тұтарлық сәт. Сондай-ақ Олимпиада қозғалысының тарихында жаңа әрі маңызды кезең басталады", - деді Кирсти Ковентри.

Рәсімнен кейін алау Сенегалға жол тартты. Оны Дакарға жеткізу 12 қыркүйекке жоспарланған. Ұшу кезінде алау арнайы шамның ішінде сақталып, Олимпиада алауын күзетушілердің бақылауында болады.

14 қыркүйек пен 30 қазан аралығында Сенегалда "Pass the Energy" ("Қуатыңмен бөліс") ұранымен алау эстафетасы өтеді. Эстафета елдің барлық 14 өңірін қамтып, 30-дан астам кезеңнен тұрады. Оған жас спортшылар, мектеп оқушылары, мәдениет өкілдері мен жергілікті қауымдастық мүшелері қатысады.

Эстафета аяқталғаннан кейін алау Дакарға қайта жеткізіледі. 31 қазанда Диамниадиодағы Абдулай Вад атындағы стадионда өтетін ашылу салтанатында жасөспірімдер Олимпиадасының қазаны жағылады. Кейін алау Corniche West жағалауына жеткізіліп, ойындар аяқталғанға дейін сонда сақталады.

Дакар-2026 жасөспірімдер Олимпиадасы 31 қазан мен 13 қараша аралығында өтеді. Жарыстар Дакар, Диамниадио және Сали қалаларындағы үш кластерде ұйымдастырылады. Ойындарға әлемнің әр елінен шамамен 2700 жас спортшы қатысып, 25 спорт түрінен бақ сынайды.

Дакар-2026 – жазғы жасөспірімдер Олимпиадасының төртіншісі. Сонымен қатар бұл Африка құрлығында өтетін тарихтағы алғашқы Олимпиада ойындары болады.