ERNUR.KZ. 2026 жылғы 27 шілдеде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің тиісті тізбесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрығы күшіне енді. Бұйрыққа сай Білім басқармасы тарапынан жедел түрде өтінім рәсімделіп, Шымкент қалалық мәслихатына жолданды. 2026 жылғы 14 тамызда Мәслихаттың оқулықтарды сатып алуға қажетті қаражатты бөлу туралы тиісті шешімі қабылданды. Қаржы 21 тамызда Білім басқармасының теңгеріміне отырғызылды.
Қабылданған шешімге сәйкес 2026–2027 оқу жылына жергілікті бюджеттен 2 388 319 000 теңге көлемінде қаржы қарастырылып, 600 мыңға жуық оқулық қорын жаңарту, тозығы жеткен оқулықтарды ауыстыру және білім алушылардың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында Министрлік тарапынан аккредиттелген 11 баспадан мемлекеттік стандарттарға сай шығарылған оқулықтарға шұғыл түрде тапсырыс берілді.
Қазіргі уақытта тапсырыс берілген оқулықтар Шымкент қаласына жеткізілуде. Алғашқы 3 жүк көлігімен жеткізілген оқулықтарды қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Оқулықтар тиелген тағы 4 жүк көлігі жолда келе жатыр. Қалған оқулықтар да кезең-кезеңімен жақын күндері қалаға жеткізілетін болады.
Келесі аптада мемлекеттік мектептердегі тозығы жеткен оқулықтар кезегімен ауыстырылатын болады.


