Жобаның алғашқы кезеңіне шамамен 50 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салу жоспарланып отыр.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Shenyang Hongda Iron and Steel Co., Ltd» компаниясының өкілдерімен кездесіп, қалада заманауи металлургия зауытын іске қосу жоспарларын талқылады.
Кездесу барысында инвестордың заманауи технологияларды қолдана отырып, арматура, сым шыбық, болат шарлар және тар жолақты болат өндіретін кәсіпорын салу жоспары таныстырылды. Өндірісте, атап айтқанда, аса қуатты электр доғалы пештерді пайдалану көзделген.
Жобаның алғашқы кезеңіне шамамен 50 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салу жоспарланып отыр. Кәсіпорынды іске асыру мерзімі 1,5–2 жылды құрайды. Зауыт толық өндірістік қуатына шыққан жағдайда жылына 1 млн тоннаға дейін металл өнімін өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорында 500-ге жуық тұрақты жұмыс орнын құру көзделген.
Кездесуде өндіріс орнын орналастыру, қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және жобаны одан әрі іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қала әкімі компания басшылығына Шымкентке деген қызығушылығы үшін алғыс білдіріп, өндірісті дайындау және іске қосуға қатысты мәселелерді шешуде қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы Шымкенттің металлургия саласын дамытуға, қаланың өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға және шетелдік инвестиция тарту мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды жобалардың бірі болмақ.


