Биылғы турнирге 11 мемлекеттен 250-ге жуық атлет қатысады деп жоспарланған.
30 маусым мен 1 шілде аралығында Шымкент қаласындағы Қажымұқан атындағы орталық стадионда жеңіл атлетикадан дәстүрлі XXXV Qosanov Memorial халықаралық турнирі өтеді.
Даңқты Олимпиада жүлдегері, қазақ жеңіл атлетикасының аңызы Ғұсман Қосановтың құрметіне ұйымдастырылатын дода биыл 35-ші рет жалауын көтермек. Осы уақыт ішінде Qosanov Memorial әлемнің әр түкпірінен мықты спортшыларды жинайтын беделді халықаралық жарыстардың біріне айналды.
Биылғы турнирге 11 мемлекеттен 250-ге жуық атлет қатысады деп жоспарланған. Екі күнге созылатын бәсекеде спортшылар жеңіл атлетиканың 27 жеке бағдарламасы мен 4 эстафеталық сайыс бойынша өзара мықтыны анықтайды.
Айта кетерлігі, Qosanov Memorial 2021 жылдан бері World Athletics Continental Tour Bronze Level халықаралық күнтізбесіне енген. Бұл жарыстың әлемдік жеңіл атлетика қауымдастығындағы мәртебесін айқындай түседі.
Шымкент төрінде өтетін халықаралық турнир жанкүйерлерге жоғары деңгейдегі тартысты бәсекелерді тамашалауға мүмкіндік беріп, жеңіл атлетика мерекесіне айналмақ.


