Қала басшысы әлеуметтік маңызы бар жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі факторларының бірі екенін атап өтті
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қала аумағын аралау барысында бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандардың жұмысымен танысып, тұрғын үймен қамту, кәсіпкерлікті қолдау және жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстардың барысын тексерді.
Қала әкімі Асар-2 шағынауданында жаңа баспанаға ие болған 40 отбасыға пәтер кілтін табыстады. Тұрғын үйлер «Отбасы банк» АҚ-тың «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары аясында берілді.
Жаңа пәтер иелерінің қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, сондай-ақ бюджеттік сала қызметкерлері бар.
Ғабит Сыздықбеков жаңа қоныстанушыларды баспаналы болуымен құттықтап, тұрғындарға тұрғын үй алу мүмкіндіктері жөнінде түсінікті әрі қолжетімді ақпарат ұсынудың маңыздылығына тоқталды. Осыған байланысты жауапты тұлғаларға тұрғын үй кезегіне тұру тәртібі бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар азаматтарға қажетті рәсімдерді кезең-кезеңімен түсіндіретін бейнероликтер әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Қала әкімінің аралау жұмыстары бұдан әрі өндірістік нысандарда жалғасты. «Жұлдыз» индустриялық аймағында полимер бұйымдарын өндіретін «Политрейд Казахстан» ЖШС-нің қызметімен танысты. Кәсіпорын жылына 100 млн метрге дейін тамшылатып суару таспасын және 9 мың тонна дайын полимер өнімін өндіреді.
Сонымен қатар темірбетоннан көпір және жол конструкцияларын шығаруға маманданған «Евро Знак» ЖШС зауытының өндірістік әлеуеті қаралды. Кәсіпорын жылына мың данаға дейін өнім шығаруға қауқарлы. Қазіргі таңда мұнда 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін арттыру және олардың нарықтағы мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында қала әкімі Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына мемлекеттік қолдаудың қосымша шараларын пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ отандық өндіріс өнімдерінің өткізу нарығын кеңейтуге жан-жақты қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті.
Әл-Фараби ауданында Ғабит Сыздықбеков №9 мектептің алдында жаяу жүргіншілерге арналған жарық сигналды бағаналарды орнату жұмыстарын тексерді. Аталған нысандарды орнату жаяу жүргіншілер қозғалысы қарқынды учаскелерде, әсіресе білім беру ұйымдарының маңында, балалар мен жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Қала басшысы бұдан бөлек, Тұран ауданындағы А-2 автомобиль жолын қайта жаңғыртудың V кезеңі бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тексерді. Жоба көлік ағынының қазіргі және перспективалық жүктемесін ескере отырып, жол инфрақұрылымын кешенді жаңғыртуды көздейді.
Аралау барысында нысандағы жұмыстардың қазіргі жағдайы мен жедел шешуді қажет ететін мәселелер қаралды. Мердігер ұйымға құрылыс қарқынын арттырып, бекітілген жұмыс кестесін қатаң сақтауды қамтамасыз ету тапсырылды.
Қала басшысы әлеуметтік маңызы бар жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі факторларының бірі екенін атап өтіп, жауапты басқармалар мен мердігер ұйымдарға белгіленген міндеттердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.


