Жалпы, 2 162 отбасы кешенді қолдаумен қамтылған.
Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Отбасын қолдау орталығы» 2026 жылдың сегіз айында өмірлік қиын жағдайға тап болған 9 151 адамға (отбасына) түрлі қолдау шараларын көрсетті.
Орталықта азаматтарға құжаттандыру, жұмысқа орналасу, атаулы әлеуметтік көмек алу, денсаулық сақтау, тұрғын үй кезегіне тұру мәселелері бойынша жәрдем көрсетіледі. Сонымен қатар бір реттік азық-түлік және материалдық көмек, әлеуметтік, заңгерлік және психологиялық қолдау ұсынылады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және құқық бұзушы агрессормен жұмыс жүргізу бағыттарына да басымдық берілген.
Отбасыларға көрсетілетін көмекті цифрландыру мақсатында «FSM Social» ақпараттық жүйесі қолданылуда. Жыл басынан бері жүйеде тіркелген 2 189 отбасы бойынша 4 351 қолдау шарасы көрсетілді.
Жалпы, 2 162 отбасы кешенді қолдаумен қамтылған. Оның 1 663-ін орталық мамандары өздері анықтаса, 499 отбасы туралы ақпарат мемлекеттік органдардан жүйенің интеграциялық моделі арқылы келіп түскен.
Интеграциялық модель мемлекеттік органдар мен мамандар арасында ақпарат алмасуды жеделдетіп, отбасыларға қажетті әлеуметтік және психологиялық көмекті уақытылы көрсетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ балалар мен аналардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылдануда.
Қазіргі таңда өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау және оларға кешенді көмек көрсету жұмыстары мобильді топтар арқылы жалғасуда.


