​ШЫМКЕНТТЕ «OMIR SHYMKENT» ТУРИСТІК КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

0
91


​ШЫМКЕНТТЕ «OMIR SHYMKENT» ТУРИСТІК КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

Шымкент қаласындағы Бадам су қоймасының жағалауында орналасқан бірегей «Omir Shymkent» туристік кешенінің алғашқы кезеңі техникалық түрде іске қосылды.


Ауқымды инвестициялық жоба 74 гектар аумақта жүзеге асырылуда. Жоба экологиялық туризмді дамытуға, заманауи рекреациялық инфрақұрылым қалыптастыруға және мегаполистің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған. Инвестиция көлемі шамамен 9 млрд теңгені құрайды.

Айта кетейік, кешеннің құрылысы өткен жылы басталған. Бұған дейін жоба тұжырымдамасы қала әкімі Ғабит Сыздықбековке таныстырылған болатын. Кездесу қорытындысы бойынша мегаполис әкімі бастаманы қолдап, оның туризм саласын дамыту мен Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын арттыруда маңызды екенін атап өтті.

Бірінші кезең аясында табиғи ортада жайлы демалуға арналған 10 глэмпинг және 10 капсулалы үй пайдалануға берілді. Алдағы уақытта кешен құрамында 48 глэмпинг, 18 капсулалы және 24 модульді үй, ASPAN мейрамханасы, Сақ моншасы, спорт алаңы, амфитеатр, сондай-ақ, ат спорты мен шарап өндіруге арналған аймақтар болады.

Жаңа нысан қала тұрғындары мен қонақтарына жоғары деңгейдегі сервисті табиғатпен етене тынығу мүмкіндігімен үйлестіретін заманауи демалыс форматын ұсынады.

Айта кету керек, бұл жобаның жүзеге асырылуы жаңа жұмыс орындарын ашып, қосымша инвестициялар тартуға ғана емес, сонымен қатар, қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа демалыс аймағын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Шымкенттің туристік индустриясының одан әрі дамуына ықпал етеді.