​ШЫМКЕНТТЕ ОҚУ ЖЫЛЫН 269 МЫҢНАН АСТАМ ОҚУШЫ АЯҚТАДЫ

0
82


​ШЫМКЕНТТЕ ОҚУ ЖЫЛЫН 269 МЫҢНАН АСТАМ ОҚУШЫ АЯҚТАДЫ

Бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек төмендегідей мәлімдеме жасады.

Шымкент қаласында 2024–2025 оқу жылы өз мәресіне жетіп, 290 мектепте 269 358 оқушы оқу жылын сәтті аяқтады. Оның ішінде 162-сі – мемлекеттік, 128-і – жекеменшік білім беру ұйымы. Биылғы оқу жылында 9-сыныпты 23 843 оқушы аяқтады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 мыңнан астам түлекке көп (2024 жылы – 21 773). Ал 11-сыныпты 15 639 оқушы бітіріп, жалпы түлектер саны тағы да артты (2024 жылы – 13 336). Оның ішінде 11 538 түлек мемлекеттік, 4 207 түлек жекеменшік мектептерден шыққан.
Білім сапасын айқындайтын көрсеткіштердің бірі – «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иегерлерінің саны. 2025 жылы «Алтын белгіге» 670 оқушы үміткер атанып, олардың 650-і осы атаққа лайық деп танылды. Сондай-ақ, 1 128 түлекке «Үздік аттестат» берілді. Бұл көрсеткіштер жыл сайын өсіп келе жатқанын айғақтайды. Мәселен, 2022–2023 оқу жылында 313 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, 2023–2024 жылы олардың саны 459-ға жеткен. Биылғы оқу жылында бұл көрсеткіш 650-ге дейін өсті. Ал «Үздік аттестат» иегерлерінің саны соңғы үш жылда 817-ден 1 128-ге дейін көбейіп отыр.
«Алтын белгіге» ең көп үміткер ұсынған білім беру ұйымдары қатарында Zerdeli International және М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясы көш бастап тұр. Бұл екі мектептен 25 оқушыдан үміткер ұсынылған. Одан кейінгі орындарда Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы (21 үміткер), Dostyk school (20), 125 Shymkent (17), Техникалық лицей мен Cambridge Line мектептері (15 үміткерден) орналасқан.
2025 жылғы 18 маусымда барлық білім беру ұйымдарында бітіруші түлектерге аттестат тапсыру рәсімі ресми түрде, салтанатты жағдайда мектеп қабырғасында өткізілді. Бұл рәсімнің барлық білім беру ұйымдарында бірыңғай форматта, мектептің өз аумағында ұйымдастырылуы міндетті түрде ескертілген болатын.
Бөлісу