​ШЫМКЕНТТЕ КОЛЛЕДЖДЕРГЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТАПСЫРЫСПЕН ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ

0
87


​ШЫМКЕНТТЕ КОЛЛЕДЖДЕРГЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТАПСЫРЫСПЕН ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ

Шымкент қаласында 2025–2026 оқу жылына техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына мемлекеттік тапсырыс аясында оқуға қабылдау басталды.

Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.

Қала әкімінің өкімімен арнайы комиссия құрылып, жұмыс органы ретінде қалалық білім басқармасы бекітілді. Мемлекеттік тапсырыс ҚР Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы №568 бұйрығына сәйкес өңірлік еңбек нарығына қажетті, сұранысқа ие мамандықтар бойынша айқындалды.

Салалық басқармалар, өңірлік кәсіпкерлер палатасы және қалалық жұмыспен қамту басқармасынан келіп түскен мәліметтерге сәйкес, жаңа оқу жылына 80 мамандық бойынша кадрларға 16 369 орынға сұраныс қалыптасты. Оның ішінде инженерлік, өңдеу және құрылыс саласына – 7209, қызмет көрсету саласына – 2826, білім беру саласына – 2844, ақпараттық-коммуникациялық технологияларға – 2012, ал қалғаны медицина, бизнес, ауыл шаруашылығы және өнер бағыттары бойынша бөлінді. Алайда, қала бюджетінің мүмкіндігіне қарай, комиссия 2025–2026 оқу жылына 70 мамандық бойынша 8000 орын көлемінде мемлекеттік тапсырысты бекітті. Мемлекеттік тапсырысты колледждер арасында бөлу үшін конкурс жарияланып, 29 білім беру ұйымынан 11 814 орынға өтінім түсті. Алайда, комиссия 23 маусымдағы отырысында үш колледждің (Шымкент мамандандырылған, «Қазақстан» жоғары медицина колледжі, Оңтүстік Қазақстан жоғары медицина колледжі) ұсыныстарын қабылдамай, оларды келесі кезеңге өткізген жоқ. Себебі бұл мекемелер ақпараттық карта бойынша талап етілген ұпай межесіне (16–26,5 балл) жете алмады.
ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 27 тамыздағы №381 бұйрығына және комиссия шешіміне сәйкес, мемлекеттік тапсырыс 26 колледжге бөлініп, оқытылатын мамандықтар, біліктілік, оқу тілі мен базасы, жобалық қуаты нақты бекітілді. Бұл туралы ақпарат қалалық білім басқармасының ресми сайтында жарияланып, әлеуметтік желілерде де кеңінен таратылуда. Жалпы, бөлінген мемлекеттік тапсырыстың 29,2%-ы (2343 орын) – жұмысшы кадрларды, 60,5%-ы (4841 орын) – орта буын мамандарын, ал 3,4%-ы (276 орын) – қолданбалы бакалавриат біліктіліктерін қамтиды.
Талапкерлер 2025 жылғы 25 маусымнан бастап колледждерге немесе www.egov.kz электронды үкімет порталы арқылы құжат тапсырып, мемлекеттік тапсырыс негізінде оқуға түсуге мүмкіндік алады.


Бөлісу