Шымкентте инфрақұрылымдық жобалар қарқын алды

0
65

Аралау барысында 40 отбасыға жаңа пәтерлердің кілті табысталды.


Шымкентте инфрақұрылымдық жобалар қарқын алды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаладағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тексерді.

Аралау барысында 40 отбасыға жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Баспаналар «Отбасы банк» АҚ-тың «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген несие бағдарламалары аясында берілген. Жаңа қоныстанушыларды құттықтаған қала әкімі тұрғын үйлерді газ желісіне қосу пәтерлердің кемінде 80 пайызы қоныстанғаннан кейін жүзеге асырылатынын атап өтті.
Нұрсат шағынауданында жылу желілерін жөндеу жұмыстарының барысы тексерілді. Биыл қала бойынша жылу желілерін жаңғырту және жөндеу 45 учаскеде жүргізілуде. Жауапты мамандарға жұмысты белгіленген мерзімде аяқтап, жылу маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету тапсырылды.
Абай ауданындағы Темірлан тас жолы бойында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында абаттандырылған қоғамдық кеңістік те назардан тыс қалмады. Бұрыннан пайдаланылмай тұрған балабақша ғимаратының орнына бой көтерген аумақта көгал, жаяу жүргіншілер жолы, жарықтандыру жүйесі, құрғақ субұрқақ, балалар және спорт алаңдары қарастырылған.
Бөлісу