​ШЫМКЕНТТЕ БӘСЕКЕЛЕСТІК ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

0
198


​ШЫМКЕНТТЕ БӘСЕКЕЛЕСТІК ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

ERNUR.KZ. Бүгін, Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің 2026 жылдың I жартыжылдығындағы жұмыс қорытындылары туралы айтылды.

Шымкент қаласында бәсекелестік ортаны дамыту және нарықтағы әділ бәсекені қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті хабарлады.
Жыл басынан бері департамент тарапынан 9 тауар нарығына және 28 мемлекеттік кәсіпорынға мониторинг жүргізілген. Талдауға алынған нарықтардың бесеуі отын-энергетика кешеніне тиесілі болса, төртеуі өзге салаларды қамтыған. Зерттеу нәтижесінде бірқатар мемлекеттік кәсіпорындардың қызметінде бәсекелестік заңнамасының талаптарын сақтау мәселелері анықталып, бес кәсіпорынға заң бұзушылықтарды жою және алдағы уақытта заң талаптарын қатаң ұстану жөнінде нұсқамалар берілді.
Сонымен қатар, мемлекет қатысатын ұйымдардың қызмет түрлерін кеңейту немесе өзгерту мәселелері бойынша департамент сегіз өтінішхатты қараған. Бұл жұмыстар нарықтағы мемлекеттік сектордың үлесін бақылауға алып, жеке кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Бәсекелестікті дамыту бағытындағы қызмет аясында департамент кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау және нарықтағы тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Мамандардың айтуынша, нарықтағы ашықтықты арттыру, мемлекеттік кәсіпорындардың қызметін заң талаптарына сәйкестендіру және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бәсекелі экономиканы қалыптастырудың негізгі тетіктерінің бірі саналады.
Департамент өкілдері мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысатын кәсіпкерлерді адал бәсекелестік қағидаттарын сақтауға шақырып отыр. Өйткені әділ бәсекелестік тұтынушылар мүддесін қорғаумен қатар, өңір экономикасының тұрақты дамуына да оң әсер етеді.