Шымкентте атқарушылық іс жүргізу жүйесі жаңғыртылып, азаматтарға қолайлы тетіктер енгізілуде

0
84

Азаматтар үшін қолайлы цифрлық сервистердің бірі – «Тараптар кабинеті».


Шымкентте атқарушылық іс жүргізу жүйесі жаңғыртылып, азаматтарға қолайлы тетіктер енгізілуде

Шымкент қаласының Әділет департаменті атқарушылық іс жүргізу жүйесінің тиімділігін арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту бағытында кешенді жұмыстар жүргізіп келеді.

Бұл туралы департамент басшысы Айнұр Исабекова баспасөз брифингінде баяндады.

Президент қол қойған «Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша» заң сот актілерінің уақытылы орындалуын қамтамасыз етуге, атқарушылық өндірістің ашықтығын арттыруға және сот орындаушылары қызметінің сапасын жетілдіруге бағытталған.
Заң аясында бірқатар жаңа құқықтық тетіктер енгізілді. Атап айтқанда, мерзімі өткен атқарушылық құжаттар бойынша мәжбүрлеп орындату шараларын автоматты түрде тоқтату, оңайлатылған атқарушылық іс жүргізудің аясын кеңейту, жеке сот орындаушыларын аттестаттау, сондай-ақ олардың қызметіне бақылау тетіктерін күшейту көзделген. Сонымен қатар сот орындаушыларының әрекеттеріне шағымданудың міндетті сотқа дейінгі тәртібі енгізіліп, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері жетілдірілді.
Қазіргі таңда атқарушылық іс жүргізу саласында цифрлық шешімдер кеңінен қолданылуда. Соның бірі – «Робот-сот орындаушы» жүйесі. Бұл сервис қарапайым өндірістерді автоматты түрде орындап, азаматтардың уақытын үнемдеуге және қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Азаматтар үшін қолайлы цифрлық сервистердің бірі – «Тараптар кабинеті». Аталған сервис арқылы өндіріп алушылар мен борышкерлер атқарушылық іс жүргізудің барысын онлайн бақылап, сот орындаушысына электронды өтініш жолдап, қабылданған шаралар туралы жедел ақпарат ала алады. Бұл атқарушылық өндірістің ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтар мен сот орындаушылары арасындағы байланысты жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Әділет департаменті алдағы уақытта да атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін арттыруға, цифрлық сервистерді дамытуға және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған жұмыстарды жалғастыра бермек.
Бөлісу