Шымкенттің мерейін асқақтатқан бұл жеңістер — жас буынның әскери-патриоттық тәрбиесінің, табандылығы мен бірлігінің жарқын көрінісі.
Шымкент қаласының теміржол вокзалында XII халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны «Айбын-2026» сайысында жеңіспен оралған Сабыр Рахымов атындағы әскери колледж бен қала оқушыларынан құралған «Сұңқар» әскери-патриоттық клубының мүшелерін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Ақмола облысының Щучинск қаласында өткен беделді жарыста әскери мектеп-лицейлер мен әскери оқу орындары арасында Шымкент қаласының Сабыр Рахымов атындағы әскери колледжі І орынды иеленсе, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әскери-патриоттық клубтары арасында Шымкент қаласының оқушыларынан құралған команда жалпыкомандалық есепте ІІ орынға ие болды.
Жеңімпаз командаларды туған жерінде ерекше құрметпен қарсы алды. Салтанатты шараға қалалық әкімдік өкілдері, қорғаныс істері жөніндегі департамент пен әскери колледж ұжымы, гарнизон әскери қызметшілері, Қарулы күштердің ардагерлері, жас жеңімпаздардың ата-аналары мен жақындары, сондай-ақ әскери оркестр қатысты. Әскери оркестрдің әуенімен әрленген кездесу рәсімі жас сарбаздар үшін ұмытылмас сәтке айналды.
Халықаралық деңгейдегі әскери-патриоттық жиынға Қазақстан мен шетелдерден келген 64 команда қатысты. Тартысқа толы додада шымкенттік өрендер жоғары дайындықтарын, темірдей тәртіп пен мықты жауынгерлік рухтарын көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінді.
— Біз бұл жарыста колледжіміздің намысын қорғап, жүлделі бірінші орынды иелендік. Осы жетістікке жету жолында көптеген спорттық сайыстарда шеберлігімізді көрсетуге тырыстық. Нәтижесінде төрт түрлі конкурс бойынша бірінші орын алып, жалпы командалық есепте алға шығуға мүмкіндік туды. Жарыс өте қызықты өтті, барлық қатысушылар жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Бізді туған жерімізде ерекше ықыласпен қарсы алып жатқанына қуаныштымыз. Көңіл-күйіміз керемет. Қазақстан Республикасына қызмет етемін, — деді Сабыр Рахымов атындағы әскери колледждің ұланы Ернұр Өмірәлі.
Ал қала намысын қорғаған «Сұңқар» командасы да жоғары нәтиже көрсетті.
— XII халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны «Айбын-2026» сайысында қаламыздың мектептері атынан қатысқан «Сұңқар» командасы жүлделі екінші орын алды. Сайыскерлер 11 түрлі бағдарлама бойынша бақ сынады. Жалпы есепте екінші орынды иелендік. Алған әсеріміз өте керемет. Келер жылы бұдан да жоғары дайындықпен келіп, бас жүлдені алуға ниеттіміз, — деді Шымкент қаласы «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қоғамдық қозғалысының төрағасы Еркін Сабит.
— Осындай халықаралық жарыста қаламыздың атынан қатысқаныма өте қуаныштымын. Бұл жетістіктің артында айлар бойы жүргізілген тынымсыз жаттығулар, орасан еңбек пен темірдей тәртіп жатыр. Тәлімгерлерімнің сенімін ақтағаныма қуаныштымын. Келер жылы бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге бар күшімді саламын, — деді «Сұңқар» әскери-патриоттық клубының мүшесі Асылайым Тәтіш.
«Айбын» — жастар арасындағы ең ірі халықаралық әскери-патриоттық жиындардың бірі. 2015 жылдан бері 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдерді әскери тәртіпке, жауапкершілікке және отансүйгіштікке тәрбиелеп келеді. Биылғы жиын Ақмола облысындағы Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледж базасында ұйымдастырылды.
Жиынға Қазақстаннан бөлек Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Әзербайжан елдерінен мыңға жуық жас сарбаз қатысты. Қатысушылар әскери-спорттық, зияткерлік және шығармашылық бағыттар бойынша бақ сынады. Сонымен қатар, биыл алғаш рет жүзу және жасанды интеллектіні меңгеру дағдылары да бағаланды.
Бағдарлама аясында әскери-қолданбалы сайыстар ұйымдастырылып, қатысушылар белтемірге тартылу, жалпыәскери қорғаныс жиынтығын кию, пневматикалық мылтықпен ату, граната лақтыру, АК-74 автоматын бөлшектеу және жинау, сондай-ақ қысқа және ұзақ қашықтыққа жүгіру бойынша шеберліктерін көрсетті.
Жиынның жабылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Президенті арнайы қатысып, жас сарбаздарға қолдау білдірді. Мемлекет басшысы қатысушылармен жүздесіп, қол алысып амандасып, естелік суретке түсті. Бұл сәт жас өрендердің жадында ұзақ сақталары сөзсіз.
Шымкенттің мерейін асқақтатқан бұл жеңістер — жас буынның әскери-патриоттық тәрбиесінің, табандылығы мен бірлігінің жарқын көрінісі. Бұл жетістік өскелең ұрпақты Отанға адал қызмет етуге жігерлендіретіні анық.


