​Шымкентте 71 мың баланың төлқұжаты рәсімделді: ата-аналарға шетелде құжат жоғалған жағдайда не істеу керектігі түсіндірілді

0
251

12 жасқа дейінгі балаларға төлқұжат 5 жыл мерзімге, ал 12 жастан 16 жасқа дейінгі балаларға 10 жыл мерзімге рәсімделеді.


​Шымкентте 71 мың баланың төлқұжаты рәсімделді: ата-аналарға шетелде құжат жоғалған жағдайда не істеу керектігі түсіндірілді

2026 жылдың алғашқы алты айында Шымкент қаласында 71 мың баланың төлқұжаты рәсімделді. Жазғы демалыс маусымында шетелге шығатындардың санының артуына байланысты Шымкент қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалы ата-аналарға балалардың шетелге шығуына қажетті құжаттарды алдын ала рәсімдеудің маңызын еске салып, соның ішінде шетелде төлқұжат жоғалған немесе ұрланған жағдайда қандай әрекет жасау қажеттігін түсіндірді.

Филиалдың мәліметінше, Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығатын әрбір бала жасына қарамастан жеке төлқұжатқа ие болуы тиіс. Баланың төлқұжатын туған күнінен бастап рәсімдеуге болады.

Төлқұжат алу үшін ата-аналардың бірі қаланың кез келген Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуі қажет. Осы тұста, өзімен бірге баланың туу туралы куәлігін, жеке куәлігін және 4 АЕК (17 300 теңге) көлеміндегі мемлекеттік баж салығының төленгені туралы түбіртекті ұсынуы керек. Өтініш беру кезінде ата-ананың бірінің қатысуы міндетті. Төлқұжат 15 жұмыс күн ішінде дайындалады.

Егер баланың төлқұжаты шетелде жоғалса немесе ұрланса, ең алдымен Қазақстан Республикасының жақын жердегі елшілігіне немесе консулдығына жүгіну қажет. Онда Қазақстанға кедергісіз оралуға мүмкіндік беретін уақытша құжат – қайтуға арналған куәлік рәсімделеді. Қазақстанға оралғаннан кейін жаңа төлқұжатты рәсімдеу үшін кез келген ХҚКО-ға жүгінуге болады.

Сондай-ақ филиал балалардың төлқұжатының қолданылу мерзімі баланың жасына байланысты екенін атап өтті. 12 жасқа дейінгі балаларға төлқұжат 5 жыл мерзімге, ал 12 жастан 16 жасқа дейінгі балаларға 10 жыл мерзімге рәсімделеді. Сонымен қатар, кейбір азаматтар санатына қарай төлқұжатты тегін ала алады. Олардың қатарында «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және мүгедектігі бар балалар жатады.

Бөлісу