Шымкентте 1,5 айлық кезінде жүрегіне ота жасалған сәби қалыпты өмірге қадам басты

0
83

Нәресте дүниеге келгеннен кейін тыныс алуы қиындап, салмақ қоса алмаған.


Шымкентте 1,5 айлық кезінде жүрегіне ота жасалған сәби қалыпты өмірге қадам басты

Шымкентте небәрі 1,5 айлық кезінде жүрегіне күрделі ота жасалған сәби бүгінде қалыпты өмірге қадам басты.

Қалалық клиникалық балалар ауруханасының дәрігерлері нәрестенің өміріне қауіп төндірген сирек кездесетін жүрек ақауын анықтап, МӘМС аясында сәтті ота жасаған болатын. Операция жасалғаннан бері алты ай уақыт өтті. Осы уақыт аралығында сәби жақсы өсіп, жасына сай дамып келеді.

Нәресте дүниеге келгеннен кейін тыныс алуы қиындап, салмақ қоса алмаған. Тереңдетілген тексеру барысында дәрігерлер жүректің оң жақ қарыншасы мен оң жақ коронарлық артерия арасында қалыптан тыс байланыс – фистула бар екенін анықтайды. Мамандардың айтуынша, мұндай сирек кездесетін ақау жүректің қалыпты жұмысына кедергі келтіріп, қан айналымын бұзады әрі жүрекке шамадан тыс жүктеме түсіреді. Уақытылы емделмеген жағдайда ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Сондықтан гибридті әдіспен жоғары технологиялы медициналық көмек көрсету шешімі қабылданған.
– Операция екі кезеңде жүргізілді. Алдымен ангиографиялық бақылаумен сан артериясы арқылы катетер енгізіліп, ақаудың нақты орналасуы мен анатомиялық ерекшеліктері анықталды. Кейін ашық жүрек операциясы жасалып, нәресте жасанды қан айналымы аппаратына қосылды. Соның нәтижесінде жүректегі фистулалық байланыс толық жойылды. Жүрекке жасалатын мұндай күрделі операциялар үлкен қаржылық шығынды талап етеді. Сондықтан жоғары технологиялық медициналық көмек МӘМС жүйесі аясында көрсетіледі, – дейді Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасы кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Асан Жұманов.
Операциядан кейінгі кезең де дәрігерлердің тұрақты бақылауымен өтті. Қазір кішкентай пациент 8 айлық. Денсаулығы жақсы, тәбеті қалыпты, белсенділігі артып, жасына сай дамып келеді. Баланың анасы дәрігерлерге алғысын білдіруде.
«Басында баламыз үшін қатты алаңдадық. Алтын қолды дәрігерлеріміздің ем күшімен бүгін баламыздың күліп, өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Еңбектері үшін алғысымыз шексіз», – дейді анасы Күнсұлу Райымқұл.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл диаоноз өте сирек кездесетін туа біткен жүрек ақауы. Жүрек ақауларының шамамен 0,5%-ын ғана құрайды. Шымкентте осы патологияға жоғары технологиялық кардиохирургиялық операция алғаш рет жасалды.
Бөлісу