​ШЫМКЕНТ ЖАСТАРЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАРАФОННАН ЖҮЛДЕЛІ ОРЫНДАРМЕН ОРАЛДЫ

0
97


​ШЫМКЕНТ ЖАСТАРЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАРАФОННАН ЖҮЛДЕЛІ ОРЫНДАРМЕН ОРАЛДЫ

Шымкент қаласының жастары Ақтөбе қаласында бастау алған «Ардагер өсиеті» атты республикалық жастар марафонынан жүлделі орындарға ие болып, абыроймен оралды.

Аталған марафон Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылып, еліміздің барлық өңірінен жастарды қамтыған кең ауқымды патриоттық жоба болды.

Игі шара Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова атындағы мемориалдық кешенде басталып, жастар соғыс ардагерлерімен кездесіп, олардың хаттары мен естеліктерін жинады. Бұл тарихи мұралар арнайы әзірленген «Батырларға тағзым» онлайн порталына жүктеліп, марафон Астана қаласында аяқталған соң, жинақталған материалдар музей қорына тапсырылатын болады.
Марафон аясында ұйымдастырылған әскери-патриоттық және зияткерлік сайыстарда еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастар өзара бақ сынасты. Шымкент қаласының жастары бұл сыннан сүрінбей өтіп, жоғары нәтиже көрсетті.
Атап айтқанда:
• «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының Шымкент командасы – жүлделі ІІІ орын,
• Сабыр Рақымов атындағы республикалық әскери колледждің тәрбиеленушілері – І орын иегері атанды.
Жеңімпаздар Шымкент қаласына салтанатты түрде оралды. Қалалық білім басқармасының өкілдері, ардагерлер, Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің ардагерлері республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серікбай Оңбаев, жастардың ата-аналары мен ұстаздары жас патриоттарды зор құрметпен қарсы алды.
Жарысқа қатысқан «Арыстан» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі Батырхан Байданов бұл бәсекенің өте тартысты өткенін, әрі барлық қатысушылар жеңіске деген ерік-жігерін аямағанын атап өтті.
Шымкент қаласы білім басқармасының әдістемелік орталығының дене тәрбиесі пәнінің әдіскері Дәулет Құттиев бұл жеңістің жастар тәрбиесіндегі маңызын ерекше атап өтті:
«Осындай республикалық деңгейдегі жобалар жас ұрпақты ерлікке, елжандылыққа баулиды. Біздің шымкенттік жастардың жеңісі – тек спорттық немесе зияткерлік емес, бұл – рухани табыс. Ол – табанды еңбектің, тиянақты дайындықтың нәтижесі», – деді ол.
Ұрпақтар арасындағы сабақтастық пен тарихи жадыны жаңғыртуды мақсат еткен бұл марафон – жастар санасына патриотизмді сіңіруде маңызды рөл атқарады. Шымкент жастарының жеңісі – қала жастары үшін үлгі, тұрғындар үшін мақтаныш.
Бөлісу