Жобаға Шымкент қаласындағы жалпы 281 мемлекеттік білім беру ұйымдарынан 5332 оқушы қатысты.
ERNUR.KZ. 2024-2025 оқу жылында Шымкент қаласы әкімдігі бастамасымен, Білім басқармасы және Дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесе отырып, «ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ЛИГАСЫ-2025» жобасын өткізді.
«ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ЛИГАСЫ-2025» жобасына Шымкент қаласындағы жалпы 281 мемлекеттік білім беру ұйымдарынан 5332 оқушы қатысты. Олар шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ спорт түрлерінен 1-11 сынып аралығында, футбол, футзал, волейбол, баскетбол, қол добы және үстел теннисінен 5-6, 7-8, және 9-11 сыныптардың ұлдары мен қыздарынан құралған командалар өз бақтарын сынады.
Жеңімпаз командалар Балаларды қорғау күніне орай марапатталып, медальдар, кубоктар, құрмет грамоталары және Шымкент қайырымды қала әлеуметтік корпоративті қоры демеушілігімен арнайы сертификаттар жеңімпаздарға табысталды.
Жалпы, спорттың 9 түрінен өткен, 9 айға созылған бәсекенің негізгі мақсаты — мектеп оқушылары арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және спорт арқылы тәрбие беру. Жылда ұйымдастырылып келе жатқан бұл жобаның ауқымы кеңейіп, қатысушылар саны да арта түсуде.