Шымкент прокуратурасы «Таза Қазақстан» акциясы аясында заңсыз қоқыс орындарына қарсы жұмысты күшейтті

0
107

Рейдтер, сенбіліктер мен әкімшілік шаралар маңызды болғанымен, қаланың тазалығы ең алдымен әрбір тұрғынның азаматтық жауапкершілігіне байланысты.


Шымкент прокуратурасы «Таза Қазақстан» акциясы аясында заңсыз қоқыс орындарына қарсы жұмысты күшейтті

Шымкент қаласының прокуратурасы республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қоғамдық орындардың ластануына жол бермеу, стихиялық қоқыс орындарын жою және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр.

Прокуратураның мәліметінше, қала әкімдігі, полиция және коммуналдық қызмет өкілдерімен бірлесіп рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Нәтижесінде заңсыз қоқыс төгілген орындар анықталып, оларды жою бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Сонымен қатар, құқық бұзушылыққа жол берген азаматтарды заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылып жатыр.

Ведомство өкілдері қала тазалығын қамтамасыз ету тек мемлекеттік органдардың міндеті емес екенін атап өтті. Олардың айтуынша, рейдтер, сенбіліктер мен әкімшілік шаралар маңызды болғанымен, қаланың тазалығы ең алдымен әрбір тұрғынның азаматтық жауапкершілігіне байланысты.

«Жерге тасталған әрбір қоқыс – көшелердің, аулалардың, арықтардың, балалар алаңдарының және қоғамдық орындардың санитарлық жағдайына кері әсер етеді», – деп атап өтті прокуратура.

Осыған байланысты Шымкент қаласының прокуратурасы тұрғындарды қоқысты арнайы белгіленген орындарға ғана тастауға, табиғатқа жанашырлықпен қарауға және жас ұрпаққа тазалық мәдениетін жеке үлгі арқылы үйретуге шақырды.

Бөлісу