ШЫМКЕНТ: отбасымен кітап оқу дәстүрін қалыптастыруға бағытталған кездесу өтті

0
65

Отбасы мүшелері сүйікті кітаптары мен рухани құндылықтары жайында ой бөлісіп, жас оқырмандарға тағылымды өнеге көрсетті.


 ШЫМКЕНТ: отбасымен кітап оқу дәстүрін қалыптастыруға бағытталған кездесу өтті

Отбасы құндылықтарын дәріптеу, ата-ана мен бала арасындағы кітап оқу дәстүрін қалыптастыру, оқу мәдениетін дамыту, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру және оқитын ұлт қалыптастыруға үлес қосу мақсатында, 13 қыркүйек - Отбасы күніне орай Шымкент қалалық жасөспірім кітапханасында «Отбасымен кітап оқимыз» атты Сарыбаевтар отбасымен кездесу кеші ұйымдастырылды.

Кездесу барысында қонақ болған өнегелі отбасы өздерінің өмір жолы, отбасылық дәстүрлері мен кітап оқуға деген сүйіспеншілігі туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Отбасы мүшелері сүйікті кітаптары мен рухани құндылықтары жайында ой бөлісіп, жас оқырмандарға тағылымды өнеге көрсетті.
Іс-шарада «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы таныстырылып, шығармадағы ел мен жер, ұлттық құндылықтар, тарихи тағдыр тақырыптары кеңінен сөз болды. Сонымен қатар, қала көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Бір қала – бір кітап» акциясы аясында жазушы Нәсіреддин Сералиевтің шығармашылығы таныстырылды. Қатысушылар жазушының шығармаларындағы адамгершілік, отбасы, тәрбие және бала әлеміне қатысты мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Сондай-ақ, іс-шара барысында отбасы тақырыбына арналған әндер шырқалып, өлеңдер оқылды. Ұлттық өнерді насихаттау мақсатында домбырамен күй орындалып, әсем әуендер қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Музыкалық және поэзиялық шығармалар арқылы отбасының қадір-қасиеті, ата-анаға деген құрмет, сүйіспеншілік пен бірлік құндылықтары дәріптелді.
Іс-шара соңында қатысушылар кітап оқудың адамның ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, отбасы мүшелерін жақындастырып, рухани құндылықтарды нығайтатынын атап өтті.
Бөлісу