Бүгінде жедел медициналық жәрдем қызметінің барлық бригадасы смарт-бейнежетондармен қамтамасыз етілген.
Шымкент қаласының медициналық ұйымдарында медицина қызметкерлері мен пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заманауи цифрлық технологиялар кезең-кезеңімен енгізілуде.
Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарда жалпы саны 2 722 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның ішінде 689-ы – сыртқы, 2033-і ішкі бейнекамералар. Олар медициналық ұйымдардың қабылдау бөлімдерінде, күту залдары мен дәліздерінде, сондай-ақ, кезекші дәрігерлер мен бейінді мамандардың кабинеттерінде орналастырылған.
Медициналық ұйымдарда Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының қағидаттарын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Заманауи бейнебақылау жүйелері қоғамдық тәртіпті сақтауға, қауіпсіздік деңгейін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және пациенттерге сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмек көрсетуге ықпал етеді.
Сонымен қатар, терроризм тұрғысынан осал санатқа жататын 28 медициналық ұйымның бейнебақылау жүйесі Ішкі істер органдарының Жедел басқару орталықтарына (ЦОУ) қосылған. Бұл төтенше жағдайлардың алдын алуға, құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінде жедел медициналық жәрдем қызметінің барлық бригадасы смарт-бейнежетондармен қамтамасыз етілген. Бұл құрылғылар шақырту барысында оқиғаны толық бейнежазбаға тіркеп қана қоймай, қызметкерге қауіп төнген жағдайда жасанды интеллект арқылы қауіпті автоматты түрде анықтайды. Егер медицина қызметкері шақырту кезінде шабуылға ұшыраса немесе оның өмірі мен денсаулығына қауіп төнсе, «SOS» немесе «Көмек» деген дауыстық пәрменнің өзі жеткілікті. Жүйе сигналды автоматты түрде өңдеп, полиция департаменті мен жедел басқару орталығына хабарлама жібереді. Соның нәтижесінде оқиға орнына ең жақын полиция экипажы мен жедел жәрдем бригадасы жедел бағытталады.


