​ШЫМКЕНТ – ҚЫЗҒАЛДАҚТАР ҚАЛАСЫ АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМ ӨТУДЕ

0
78


​ШЫМКЕНТ – ҚЫЗҒАЛДАҚТАР ҚАЛАСЫ АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМ ӨТУДЕ

2025 жылғы 18–22 маусым аралығында Шымкент қаласында алғаш рет «Шымкент – қызғалдақтар қаласы» атты халықаралық суретшілер симпозиумы ұйымдастырылды. Ауқымды мәдени іс-шара қала күніне орай Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен өтті.

Симпозиум аясында А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханада алғашқы баспасөз конференциясы өткізіліп, онда қатысушылар мен ұйымдастырушылар шығармашылық мақсаттар мен күтілетін нәтижелер жайында ой бөлісті.
Халықаралық симпозиумға Қазақстанның өңірлерінен бөлек, Түркия, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Өзбекстаннан келген 16 суретші қатысты. Іс-шара аясында олар Шымкенттің тарихи-мәдени нысандарын бейнелейтін шығармашылық жұмыстарды орындады. Нысандар қатарына «Шымқала» кешені, Шымкент теміржол вокзалы, Түркістан сарайы, дендросаябақ, Бәйдібек би ескерткіші, Қызғалдақ субұрқағы, «Арбат» демалыс саябағы, Қонаев даңғылы, Ордабасы және Әл-Фараби алаңдары сынды маңызды локациялар енді.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек симпозиумның ашылуында сөйлеген сөзінде бұл бастаманың өңірдің мәдени бейнесін көркем өнер арқылы жаңаша ашуға ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – Шымкенттің көркем келбетін қылқалам тілімен бейнелеу және заманауи ұлттық мәдени қорды толықтыру.
Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов сурет өнерінің қоғамдағы маңызын арттыратын осындай іс-шаралар жиі өтуі керек екенін айтып, симпозиумның өтуін оң бағалады.
20 маусымда шығармашылық жұмыс А.Пушкин атындағы кітапханада орналасқан шеберханада жалғасты. Ал 21 маусым күні симпозиумның қорытынды кезеңінде «Шымкент – қызғалдақтар қаласы» көрмесінің ашылу салтанаты, суретшілерді марапаттау және симпозиумның ресми жабылу рәсімі өтті.
Аталған симпозиум Шымкент қаласының мәдени өміріне тың серпін беріп, халықаралық шығармашылық диалогты нығайтатын маңызды алаңға айналды.
Бөлісу