Шымкент қаласында әдеби байқау өткізіледі

0
84


Шымкент қаласында әдеби байқау өткізіледі

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық кеңесінің кезекті отырысында ұлттық руханиятты көтеру, жастардың әдебиетке қызығушылығын арттыру және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселелері талқыланды.

Кеңес төрағасы, белгілі қаламгер Момбек Әбдіәкімұлы жас ақындар мен жазушыларға арналған әдеби байқау өткізу мәселесін көтеріп, оның ережелерін талқылауды ұсынды. Байқаудың басты мақсаты – жас қаламгерлерге қолдау көрсету, жаңа есімдерді анықтау және отандық әдебиетке тың серпін беру.
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов байқау ережелерімен таныстырып, байқаудың «поэзия», «проза» және «балаларға арналған шығарма» жанрлары бойынша өткізілетінін хабарлады. Шығармашылық бәйгеге 18 бен 45 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады. Негізгі талап – ұсынылатын туындылар бұрын еш жерде жарияланбаған болуы тиіс. Байқауға өтінімдер 2025 жылғы 16 маусым мен 16 тамыз аралығында қабылданады.
Кеңес мүшелері байқау талаптары мен оны ұйымдастыру тәртібі жөнінде өз пікірлерін білдіріп, жастар шығармашылығын қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Жиын барысында Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Ундасинова мемлекеттік тілдің қазіргі жағдайы мен оны кеңінен насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023–2029 жылдарға арналған Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасын іске асыру мақсатында 5 негізгі бағыт, 13 нысаналы индикатор және 3 нәтижелі көрсеткіш айқындалған. Бұл ретте 2029 жылға қарай Шымкент қаласында мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесін 93,5 пайызға жеткізу көзделуде, – деді ол.
Қалада мемлекеттік тілді насихаттау және тіл мәдениетін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мәселен, апта сайын сәрсенбі және бейсенбі күндері көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың сауатты рәсімделуіне байланысты түсіндіру шаралары ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар, аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, «Сәтті жарнама» қалалық акциясы тұрақты түрде өткізіліп отыр.
Басқармаға қарасты Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы тіл үйренгісі келетін азаматтарға қолдау көрсетіп келеді. 2025 жылдың қаңтар–мамыр айлары аралығында 49 оқу тобында 578 тыңдаушы тілдік курстардан өтті. Оның ішінде 347 адам – қазақ тілін, 54 адам – орыс тілін, 177 адам – ағылшын тілін меңгерген.
– Қала тұрғындарының тілдік құзыретін анықтау мақсатында арнайы талдамалық зерттеулер жүргізілуде. Бұл шаралар тіл саясатын тиімді жоспарлауға негіз болмақ, – деді Мөлдір Увайдиллақызы.
Сонымен қатар, әр тоқсан сайын тілдік кемсітушілікті болдырмау мақсатында халыққа қызмет көрсету нысандарында – банктерде, дәріханаларда, ХҚКО-ларда, қоғамдық көліктерде «Қазақ тілінде қызмет көрсетемін» атты акциялар өткізіліп, қазақша-орысша анықтамалықтар таратылуда.
Баяндамашы қаладағы театрлардың қазіргі жағдайына да тоқталып өтті. 2025 жылы қаладағы жеті театрда 31 жаңа премьера сахналануы жоспарлануда. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 249,3 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бүгінге дейін 16 жаңа қойылым сахналанып, 95 963 көрерменге ұсынылды. Аталған қойылымдардың қатарында Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды Шынарым», Айгиз Баймұхаметовтің «Тастамашы, ана», Дулат Исабековтің «Құстар фестивалі» шығармалары бар.
Қорыта айтқанда, жас қаламгерлерді қолдау, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және театр өнерін дамыту – қаланың мәдени-рухани әлеуетін нығайтуға бағытталған стратегиялық маңызды шаралар қатарында.
Бөлісу