ШЫМКЕНТ: қала әкімі «WAN SHENG CERAMIC» компаниясының басшылығымен инвестициялық жобаның келешегін талқылады

0
74

Тараптар келіссөз барысында жобаның екінші кезеңін іске асыру мәселелерін жан-жақты талқылады.


ШЫМКЕНТ: қала әкімі «WAN SHENG CERAMIC» компаниясының басшылығымен инвестициялық жобаның келешегін талқылады

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Wan Sheng Ceramic» компаниясының құрылтайшысы Ху Цзяньгомен кездесу өткізді.

Кездесу барысында қаладағы ірі өнеркәсіптік инвестициялық жобалардың бірі – керамикалық тақтайша өндіретін зауыттың даму перспективалары талқыланды.

Кездесуде 2024 жылдың күзінде пайдалануға берілген зауыттың алғашқы кезеңінің нәтижелері қарастырылды. Бүгінде бұл кәсіпорын Орталық Азиядағы керамикалық тақтайша өндіретін ең ірі өндіріс орындарының бірі саналады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 25,5 млрд теңге. Кәсіпорында 350 жаңа жұмыс орны ашылған.
Өндірілген өнім ішкі нарықпен қатар экспортқа да бағытталған. Қазіргі таңда шетелдік серіктестермен өнім жеткізу жөнінде келісімдер жасалып, кәсіпорынның экспорттық әлеуеті мен өнімнің бәсекеге қабілеттілігі артып келеді.
Тараптар келіссөз барысында жобаның екінші кезеңін іске асыру мәселелерін жан-жақты талқылады. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылымды дамыту, газбен жабдықтау қуатын арттыру және өндірісті қажетті шикізатпен қамтамасыз ету бағыттарына ерекше назар аударылды.
Жобаның екінші кезеңі аяқталғаннан кейін кәсіпорынның өндірістік қуаты екі есеге ұлғайып, жылына 25,4 млн шаршы метр керамикалық тақтайша өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар тағы 350 жаңа жұмыс орны ашылады.
Қала әкімі өнеркәсіпті дамыту, өндірісті әртараптандыру, экспорттық әлеуетті кеңейту және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы мұндай инвестициялық жобалардың стратегиялық маңызын атап өтті. Сондай-ақ инвесторларға жобаның екінші кезеңін уақытылы іске асыру және өндірісті одан әрі дамыту үшін жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Бөлісу