ШЫМКЕНТ: Қала әкімі «TAGUSPARK» технопаркінің басшысымен цифрлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады

0
55

Тараптар «Smart City» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобаларға ерекше назар аударды.


ШЫМКЕНТ: Қала әкімі «TAGUSPARK» технопаркінің басшысымен цифрлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Португалиядағы жетекші технологиялық парктердің бірі – «Taguspark» технопаркінің басшысы Эдуарду Баптишта Коррейамен кездесті.

Кездесу барысында цифрландыру, инновациялар, технологиялық кәсіпкерлікті дамыту және озық тәжірибе алмасу бағытындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

Кездесу барысында Мемлекет басшысының бастамасымен 2026 жылдың Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғаны атап өтілді. Бұл бастама Шымкент қаласында цифрлық технологияларды кеңінен енгізу және инновациялық экожүйені дамыту бағытындағы жұмыстарға жаңа серпін береді.
Тараптар «Smart City» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобаларға ерекше назар аударды. Атап айтқанда, интеллектуалды көлік жүйесі, қоғамдық қауіпсіздік, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және қалалық басқару салаларындағы цифрлық шешімдер таныстырылды.
Сонымен қатар IT-стартаптарды қолдауға және инновациялық ортаны дамытуға бағытталған Shymkent Hub орталығының қызметі, нақты уақыт режимінде деректерді талдайтын Smart Data Ukimet (SDU) платформасы, сондай-ақ AIQYN және Digital Maps жүйелерінің мүмкіндіктері таныстырылды.
Кездесу барысында қалалық инфрақұрылымды бақылауға, қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге және басқару тиімділігін арттыруға арналған дрон инфрақұрылымын дамыту жобасы да таныстырылды.
Тараптар «Taguspark» технопаркінің инновациялық инфрақұрылымды дамыту, стартаптарды қолдау және ғылым, білім мен бизнес арасындағы өзара ықпалдастықты нығайту тәжірибесінің маңызын атап өтті. Мұндай тәжірибе алмасу бірлескен жобаларды іске асыруға және екіжақты серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Бөлісу