ШЫМКЕНТ: қала әкімі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын тексерді

0
141

Жасыл желекке жүйелі түрде күтім жасауды қамтамасыз ету тапсырылды


ШЫМКЕНТ: қала әкімі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын тексерді

Шымкент қаласының әкімі бірқатар аудан аумақтарын аралап, қалада жүргізіліп жатқан әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылыс барысымен танысты.

Аралау барысында қала басшысы ең алдымен Қаратау ауданында өткен жылы құрылысы басталған жаңа әкімдік ғимаратын қарап шықты. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 98 пайызы аяқталған. Нысанды алдағы уақытта пайдалануға беру жоспарлануда. Жаңа ғимарат аудандық басқару органдарының тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға ықпал етпек. Мердігер ұйымға анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою тапсырылды.
Сапар одан әрі Абай ауданында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 150 орындық оңалту орталығының құрылыс алаңында жалғасты. Құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімі құрылыс компания өкілдерімен бірлесіп талқыланып, нысанның мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін толық қолжетімді әрі кедергісіз болуы керектігі атап өтілді.
Сонымен қатар, Тұран ауданына қарасты «Айқап» шағынауданында кәріз жүйесінің құрылысы мен Беткей көшесіндегі жол жабындысын қалпына келтіру жұмыстарының аяқталу кезеңі тексерілді.
Еңбекші ауданында қала әкімі «Текесу» каналы арқылы жаңадан салынған көпірдің жай-күйімен танысты. Бұған дейін жауын-шашын кезінде канал арнасының толып, жолды шайып кетуі тұрғындарға айтарлықтай қолайсыздық тудырған болатын. «Қарабастау» тұрғындарының өтінішіне сәйкес және әкімнің тапсырмасымен салынған көпір жобасы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС қолдауымен жүзеге асырылды. Қала әкімі компания өкілдеріне қаланың инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
Аралау қорытындысында аудан әкімдері мен жайлы ортаны дамыту басқармасына қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыруды жандандырып, жасыл желекке жүйелі түрде күтім жасауды қамтамасыз ету тапсырылды.
Бөлісу