Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде жер ресурстарын тиімді пайдалануды бақылау және білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын іске асыру мәселелері қаралды.
Қалалық Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Ақылбек Мұхаддастың мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері 113 тексеру жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша 4,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, өндірілді.
Пайдаланылмай жатқан 28 жер учаскесінің иелеріне заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді. Сонымен қатар, игерілмеген жерлерді бақылау аясында бюджетке он еселенген жер салығы түрінде 7,9 млн теңге түсті.
Сот шешімдері негізінде 2026 жылы жалпы аумағы 148 гектар болатын 43 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Тағы 26 учаске бойынша іс қаралуда.
2023-2026 жылдар аралығында мемлекет меншігіне жалпы аумағы 428,6 гектарды құрайтын 302 жер учаскесі қайтарылды.
Қалалық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнар Дәрібаева Шымкентте мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында білім беру саласында 58 жоба жүзеге асырылып жатқанын баяндады. Олардың екеуі білім беру нысандарына қатысты болса, қалған 56 жоба мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі уақытта мерзімі осы жылдың желтоқсан айында аяқталатын мектептегі тамақтандыруды ұйымдастыру жөніндегі МЖӘ шарттарын 2027 жылға ұзарту бойынша ұйымдастырушылық-құқықтық жұмыс жүргізілуде.
Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Рахматуллаевтың айтуынша, Шымкентте денсаулық сақтау саласында бес мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы жүзеге асырылуда. Оның төртеуі жеке инвесторлардың қаржысы есебінен, біреуі жергілікті бюджеттің қатысуымен қаржыландырылған.
Қалалық онкологиялық орталық жанындағы ПЭТ-диагностика және сәулелік терапия орталығы, эфференттік терапия және гемокоррекция орталығы, сондай-ақ, МЖӘ аясында салынған және жұмыс істеп тұрған екі заманауи емхана қызмет көрсетуде. Барлық жоба штаттық режимде жұмыс істеп, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.
Мәжіліс қорытындысы бойынша қала әкімі жер ресурстарын тиімді пайдалануға бақылауды күшейтуді, игерілмеген жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жандандыруды, сондай-ақ, МЖӘ жобаларының қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес іске асырылуын қатаң бақылауды тапсырды.


