Кездесу аясында делегация мүшелері «Қазақстанның үздік тауары – 2026» және «Бір ауыл – бір өнім» өңірлік көрме-байқауларының экспозициясын тамашалады.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қазақстан Республикасындағы Үндістан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тангал бастаған делегациямен кездесті.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейту перспективалары, екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды дамыту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Қала әкімі Шымкенттің инвестициялық және өнеркәсіптік әлеуетін таныстырып, мегаполистің еліміздің ірі экономикалық орталықтарының бірі ретіндегі бәсекелестік артықшылықтарына тоқталды. Сондай-ақ инвестиция тарту, өндірістік кооперацияны дамыту, көлік-логистика инфрақұрылымын жетілдіру және өзара сауда көлемін ұлғайту бағыттарына ерекше назар аударылды.
Кездесу аясында делегация мүшелері «Қазақстанның үздік тауары – 2026» және «Бір ауыл – бір өнім» өңірлік көрме-байқауларының экспозициясын тамашалады. Көрмеде 100-ден астам жергілікті тауар өндіруші тамақ, фармацевтика, химия, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы және өзге де салалардағы өнімдерін ұсынды.
Іскерлік бағдарлама аясында Қазақстан–Үндістан бизнес-форумы өтіп, Үндістан Өнеркәсіп конфедерациясы мен Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар жаңа серіктестік байланыстарды дамытуға және бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған B2B форматындағы кездесулер ұйымдастырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша қол жеткізілген келісімдер Шымкент пен Үндістан Республикасы арасындағы инвестициялық, сауда-экономикалық және іскерлік ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретіні атап өтілді.


