​Шымкент гарнизонының сарбаздары «Сарбаз Олимпиадасында» жүлделі ІІ орын иеленді

0
107

Ауқымды спорттық додаға өңірдің әртүрлі гарнизондарынан 14 команда, 322 сарбаз қатысты.


​Шымкент гарнизонының сарбаздары «Сарбаз Олимпиадасында» жүлделі ІІ орын иеленді

Қазақстан Республикасы Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысының бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылған «Сарбаз Олимпиадасы» чемпионатына арналған «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының іріктеу чемпионаты өтті.

Ауқымды спорттық додаға өңірдің әртүрлі гарнизондарынан 14 команда, 322 сарбаз қатысты.

Чемпионат сарбаздардың дене дайындығын, жауынгерлік шеберлігін, төзімділігін және командалық үйлесімділігін сынауға бағытталды. Қатысушылар армиялық жекпе-жек, волейбол, әскери көпсайыс, бірыңғай кедергілер жолағынан өту және шахмат секілді бес спорт түрі бойынша бақ сынасты.
Тартысқа толы жарыс нәтижесінде Тараз гарнизонының 85395 әскери бөлімі командалық есепте І орынды иеленді. Ал Шымкент гарнизонының 35748 әскери бөлімінің сарбаздары жоғары дайындық пен мықты командалық рухтың арқасында жүлделі ІІ орынға қол жеткізді. ІІІ орын Жаркент гарнизонының 74261 әскери бөліміне бұйырды.
35748 әскери бөлімінің сарбаздары жарыс барысында өздерінің физикалық дайындығын, ептілігі мен жауынгерлік қабілеттерін жоғары деңгейде көрсетті. Әсіресе командалық спорт түрлері мен әскери-қолданбалы сайыстарда ұйымшылдық пен төзімділіктің үлгісін танытты. Атап айтқанда, әскери бөлім сарбаздары армиялық жекпе-жек, волейбол және әскери көпсайыс бойынша үздік нәтижелер көрсетіп, команданың жалпы көрсеткішінің жоғары болуына елеулі үлес қосты.
— «Сарбаз Олимпиадасы» чемпионатына арналған «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының іріктеу чемпионаты Гвардейск гарнизонында өтті. Осы жарыста үздік нәтиже көрсеткен сарбаздар алдағы уақытта Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы кубогы үшін өтетін чемпионатқа қатысуға дайындалады. Ақтық кезеңде оларға сәттілік тілейміз, — деді 35748 әскери бөлімінің дене дайындығы және спорт қызметінің бастығы, лейтенант Жансейтқожа Сейткәрім.
Аталған чемпионат сарбаздардың жауынгерлік даярлығын арттырып қана қоймай, әскери ұжымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және әскери қызметшілердің рухын көтеруге зор ықпал етті.
Бөлісу