ШЫМКЕНТ: атмосфералық ауаға жүйелі бақылау жүргізілуде

0
87

Тұрғындардың жағымсыз иістерге қатысты шағымдары да бақылауда.


ШЫМКЕНТ: атмосфералық ауаға жүйелі бақылау жүргізілуде

Шымкент қаласында атмосфералық ауаның сапасына санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг тұрақты жүргізілуде. Бақылау жұмыстары қоршаған ортаға әсер ететін химиялық, физикалық және биологиялық факторларды анықтау мақсатында жүзеге асырылады.

2026 жылдың 8 айында Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша «Ұлттық сараптама орталығы» РМК филиалының Шымкент қалалық филиалы мамандарымен бірлесіп атмосфералық ауаның 10 218 сынамасы зерттелді. Сынамалар автомобиль жолдарында, елді мекендерге жақын орналасқан аумақтарда және санитариялық-қорғау аймақтарының шекараларында алынды. Зерттеу нәтижесінде шекті жол берілетін концентрациядан асу жағдайлары анықталған жоқ.
Қалада атмосфералық ауа сапасын бақылау үшін 87 бақылау нүктесі және орташа тәуліктік ауа сынамаларын алу үшін 14 бақылау нүктесі белгіленген. Мониторинг көлік қозғалысы қарқынды жолдарда және өнеркәсіптік нысандардың ықпал ету аймағындағы елді мекендерде жүргізіледі.
Сонымен қатар, тұрғындардың жағымсыз иістерге қатысты шағымдары да бақылауда. 2026 жылдың 8 айында «I-Komek» және «Call-center 109» арқылы 67, ал «Е-өтініш» жүйесі арқылы 13 өтініш тіркелген. Барлық өтініш бойынша атмосфералық ауаға зертханалық зерттеу жүргізіліп, шекті рұқсат етілген нормадан ауытқу анықталмаған.
Атмосфералық ауаның жай-күйін бақылау және тұрғындардың шағымдарына жедел ден қою мақсатында жауапты мамандар кезекшілігі ұйымдастырылған. Жағымсыз иіске қатысты өтініш түскен жағдайда мониторингтік жұмыстар тұрақты түрде жалғастырылады.
Бөлісу