ШЫМКЕНТ: әскери міндеттілердің оқу-жаттығу жиыны қорытындыланды

0
217


ШЫМКЕНТ: әскери міндеттілердің оқу-жаттығу жиыны қорытындыланды

Шымкент қаласының аумақтық қорғаныс бригадасында әскери міндеттілердің арнайы оқу-жаттығу жиыны өз мәресіне жетті. Қорытынды іс-шарасына бригада басшылығы, қала әкімдігінің өкілдері және Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жоспарына және Шымкент қаласы әкімінің қаулысына сәйкес өткізілген жиынға 118 әскери міндетті азамат тартылды. Оқу-жаттығу «Ақтас» полигонында өтті. Он күн бойы әскери және мемлекеттік стратегиялық маңызы бар объектілерді күзету, қорғау және жауынгерлік үйлестіру мәселелері пысықталды.
Жиын барысында әскери міндеттілер теориялық және практикалық сабақтардан өтті. Атап айтқанда, 18 пән бойынша сабақ ұйымдастырылып, тосқауыл бекеттерінде қызмет атқару, қарауылдық міндеттерді орындау және шартты қарсыластың әрекеттеріне тосқауыл қою бойынша жаттығулар пысықталды.
– Мұндай жиындар әскери міндеттілердің кәсіби шеберлігін арттырып қана қоймай, аумақтық қорғаныс жүйесін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Жиынның алғашқы күндерінен бастап мемлекеттік-құқықтық, тактикалық, арнайы және атыс даярлығы бойынша теориялық және практикалық сабақтар жүйелі түрде жүргізілді. Әрбір сабақтың мазмұнды әрі тиімді өтуіне ерекше көңіл бөлінді, – деді Шымкент қаласының аумақтық қорғаныс бригадасының командирі, полковник Бақытжан Ашимов.
Жаттығу барысында әскери міндеттілер заманауи жауынгерлік тәсілдерді меңгеріп, тактикалық әрекеттерді пысықтады. Мұндай жиындар әскердің жауынгерлік дайындығын арттырып қана қоймай, еліміздің қорғаныс қабілетін күшейтуге де үлес қосады.
Жиын соңында үздік әскери міндеттілер марапатталып, бірқатарына кезекті әскери атақтар берілді.
Айта кету керек, жиын кезінде әскери міндеттілерге жұмыс орнында орташа жалақысы сақталып, қосымша төлемдер мен материалдық қамтамасыз ету шаралары ұйымдастырылды. Тамақпен, киім-кешекпен және басқа да қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуді Шымкент қаласының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы мен Азаматтық қорғанысты қамтамасыз ету орталығы жүзеге асырды.
Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі
Бөлісу