ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ: Шымкентте қалдықты қайта өңдейтін заманауи кешеннің құрылысы басталды

0
131

Шымкентте қатты тұрмыстық қалдықты термиялық түрде өңдеп, электр энергиясын өндіретін заманауи кешеннің құрылысы басталатын жерде капсула салу рәсімі өтті.


ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ: Шымкентте қалдықты қайта өңдейтін заманауи кешеннің құрылысы басталды

ERNUR.KZ. Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Shaanxi Construction Engineering Kazakhstan Co., Ltd компаниясының басшылығы қатысты.

Ауқымды инвестициялық жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қалдықты басқару жүйесін жетілдіру, экологиялық инфрақұрылымды дамыту және қалдықты қайта өңдеудің заманауи технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, жоба қоршаған ортаны қорғауға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде іске асырылып отыр.

Кешен жобалық қуаттылығы бойынша тәулігіне 1000 тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдықты өңдеп, 24 МВтсағатқа дейін электр энергиясын өндіре алады. Жобаға құйылатын тікелей инвестиция көлемі шамамен 54 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмысы 2026-2028 жылдар аралығында жүргізілетін жоба аясында кемінде 80 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Кешен іске қосылғаннан кейін қалдықты көму көлемі едәуір қысқарып, қоршаған ортаға түсетін антропогендік жүктеме азаяды. Сондай-ақ, қалдықты қайта өңдеудің заманауи тәсілдері енгізіліп, қосымша энергетикалық ресурс өндіріледі. Бұдан бөлек, өңдеу нәтижесінде қалған күлден құрылыс материалдарын шығару жоспарланған.

Жобаны іске асырудың басталуы халықаралық ынтымақтастықты дамыту және инвестиция тарту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі болды. 2024 жылы Шымкент пен Қытайдың Сиань қаласы арасындағы бауырластық байланыстарды дамыту аясында қала әкімі бірқатар өндірістік нысанды аралап, Сиань қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулы Жошыхан Қыраубаевпен бірге әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізген болатын.

Кездесулердің қорытындысында осындай жобаларды жүзеге асыруда тәжірибесі мол Shaanxi Construction Engineering компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізілді. Сол жылы қала әкімдігі мен компания арасында ынтымақтастық туралы меморандумға, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен инвестор арасында инвестициялық келісімге қол қойылды.

«Бүгін біз Шымкенттің маңызды экологиялық жобаларының бірінің негізін қалап отырмыз. Бұл кешеннің іске асуы қалдықты басқару жүйесін жаңа деңгейге көтеруге, заманауи қайта өңдеу технологияларын енгізуге және қаладағы экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді. Серіктестеріміз бен инвесторларымызға сенімі мен бірлескен еңбегі үшін алғысымды білдіремін», – деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.