ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС: Шымкенттегі шешімін күткен мәселелер назарда

0
126

Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы да атқарылған жұмыстарын баяндады.


 ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС: Шымкенттегі шешімін күткен мәселелер назарда

Шымкент қаласы әкімдігінде Қоғамдық кеңестің кезекті жоспарлы отырысы өтті.

Жиын барысында кеңес мүшелері Абай ауданы әкімдігінің, сондай-ақ мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы жұмыс нәтижелерімен танысты.

Отырыстың күн тәртібіне сәйкес, алдымен Абай ауданының әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы есеп берілді. Қазіргі таңда аудан аумағында 27 елді мекен орналасқан. Халық саны 257,7 мың адамды құрайды. 1274 көше мен 230 әлеуметтік нысан орналасқан ауданда ауыз су және электрмен қамту 100 пайызды, газдандыру 92,6 пайызды құрап отыр. 2024 жылы екі елді мекенге газ тартылып, газсыз елді мекен саны екіге дейін азайған.
Сонымен қатар, өткен жылы 95 көшеге 4,3 млрд теңге көлемінде асфальт төселсе, биыл 100-ден астам көшеге жол салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін жақсы жағдайдағы көшелер үлесін 100 пайызға жеткізу жоспарланған. Көшелерді жарықтандыру, көгалдандыру және демалыс орындарын салу, сондай-ақ аяқ жолдарды кеңейту бойынша да бірқатар жұмыстар жүргізілуде.
Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы да атқарылған жұмыстарын баяндады. Басқармаға қарасты 22 мәдениет ұйымы арқылы 2537 қызметкер халыққа мәдени қызмет көрсетіп отыр. Жыл басынан бері 2005 мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, 1,5 миллионға жуық көрермен қамтылған. Сонымен бірге, мәдени нысандарға күрделі жөндеу жүргізу, кітапхана қорын толықтыру, театр репертуарларын жаңарту, музей жұмысын цифрландыру бағытында нақты істер атқарылуда.
Кеңесте денсаулық сақтау саласы бойынша да ақпарат ұсынылды. Қалада медициналық инфрақұрылым жаңартылып, жаңа емханалар іске қосылған. Медициналық қызметтердің қолжетімділігі артқан. Сонымен қатар, кадр тапшылығын жою, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту және медициналық туризмді дамыту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Алайда отырыста кеңес мүшелері бірқатар өзекті мәселелерді де көтерді. Атап айтқанда, жол сапасы, тұрмыстық қалдықтарды шығару, балалар алаңқайларын салу және салық саласындағы қиындықтар талқыланды. Жекеменшік зертханалардағы медициналық талдау бағасының қымбаттауы да кеңес назарында болды. Бұл тұрғыда баға саясатын бақылау және қолжетімді қызмет ұсыну тетіктерін жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар берілді.
Шешімін күткен мәселелер бойынша тиісті басқармалар мен құрылымдарға нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болады.
Бөлісу