Аралау барысында Алтын Орда шағынауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында абаттандырылған гүлзар мен балалар ойын алаңының жай-күйі тексерілді.
ERNUR.KZ. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті қаланы аралау барысында Бозарық шағынауданында сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы аясында 30 отбасыға жаңа пәтер кілтін табыстау рәсіміне қатысты. Жаңа баспаналар мүгедектігі бар азаматтарға, ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға, көпбалалы және толық емес отбасыларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға берілді.
Сонымен қатар қала әкімі ауыз су мен алкогольсіз сусын өндіруге маманданған «F&B Int.» ЖШС-нің өндірістік қызметімен танысты. Кәсіпорында 86 жаңа жұмыс орны ашылған. Кездесу барысында өндірістік әлеуетті арттыру және жобаны одан әрі дамыту мәселелері қаралып, жауапты басқармаға мемлекеттік қолдау тетіктерін қамтамасыз ету тапсырылды.
Аралау барысында Алтын Орда шағынауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында абаттандырылған гүлзар мен балалар ойын алаңының жай-күйі тексерілді. Нысанда көше жарықтары, орындықтар, перголалар орнатылып, 200-ден астам жасыл желек отырғызылған. Сонымен қатар тұрғындардың жайлы демалуына арналған заманауи балалар ойын алаңы пайдалануға берілген.
Бұдан бөлек Тұран ауданындағы Ә. Қастеев көшесінде жүргізілген жол жөндеу жұмыстарының нәтижесі қаралып, Ақтас тұрғын алабында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында салынған жаңа балалар ойын алаңының жұмысы зерделенді. Жалпы аумағы 800 шаршы метрді құрайтын нысан ойын кешендерімен, жаттығу құрылғыларымен, воркаут алаңымен және шағын сәулет нысандарымен жабдықталған.
Сондай-ақ Желтоқсан көшесінде демеушілердің қолдауымен салынып жатқан қоғамдық кеңістіктің құрылысы тексерілді. Жоба аясында көгалдандыру, автоматты суару жүйесін орнату, көше жарықтары мен орындықтарды орналастыру жұмыстары жүргізілген. Қазіргі уақытта субұрқақтың құрылысы жалғасуда. Нысан толық аяқталғаннан кейін тұрғындардың игілігіне арналған заманауи қоғамдық демалыс орны пайдалануға беріледі.


