Бұл қандай қауіп тудырады? Қалай әрекет ету керек?
Фото: avatars.dzeninfra.ru
Ұшақтағы агрессивті жолаушылардың әрекеті сапарды жағымсыз етіп қана қоймайды, айтарлықтай қауіп төндіруі де мүмкін.
Ұшақта агрессивті мінез-құлық қаншалықты жиі кездесетінінің нақты санын ешкім білмейді. Сарапшылардың айтуынша, соңғы онжылдықтарда ұшақтағы мас күйдегі жолаушылардың жанжал шығаруы, балағат сөздер айтуы және күш қолдану жағдайлары жиілеген.
Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) есептеуінше, 2021 жылы әрбір 835 рейсте тәртіпсіз жолаушы қатысқан бір оқиға орын алған. 2022 жылы – әрбір 568 рейске, ал 2023 жылы – әрбір 480 рейске бір оқиғадан келген.
Агрессивті жолаушылар туындатқан ұсақ қақтығыстардың бәрі бірдей құжатталмайды. Әуе компаниялары көбіне ең ауыр жағдайлар туралы ғана хабарлайды. Сондықтан көпшілігі ресми санаққа енбей қалады. Сәйкесінше, статистикалық көрсеткіш те төмен.
Қазіргі әуе тасымалын ұйымдастыру жүйесінің өзі жолаушыларда агрессивті мінез-құлық туғызуы мүмкін. Рейстің кешігуі, ұшаққа отыру кезіндегі ұзын-сонар кезек және салондағы тар орындықтар күйзеліске түсіреді.
Алкоголь
Алкогольді шамадан тыс тұтынудың өзі күш көрсету және қоғамға жат мінез-құлық қаупін тудырады. Ал ұшақ биікке көтерілгенде бұл әсер одан әрі күшеюі мүмкін.
Алкогольді мүлдем сатпау – мәселені шешудің қарапайым әрі қисынды жолы. Бірақ әуе компаниялары алкоголь өнімдерін сатудан қомақты табыс табатындықтан, мұндай тыйым енгізбейді. Мас болып, ұшақта жанжал шығарған адамдарға айыппұл немесе бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін екенін жеткізумен шектеледі.
Салонда жанжал туындаған кезде қауіпсіздік мақсатында ұшқыштарға кабинадан шығуға болмайды. Тәртіпсіз жолаушылармен бортсеріктер өздері күресуге мәжбүр. Ал олардың мұндай жағдайда мүмкіндігі шектеулі. Ботсеріктер кейде зорлық-зомбылықтың құрбанына да айналады. Сондықтан олар қалағанын ала алмаған мас адамның ашуға булығып, қатты қарсылық көрсетуінен қауіптенеді. Сәйкесінше мұндай адамға ұшу кезінде алкоголь беруді жалғастыра беретін кездер кездеседі.
Әуежайдағы қолайсыздықтар
Ұшақтағы агрессивті мінез-құлық қаупін арттыратын үш негізгі фактор – түнгі рейс, отырғызу қақпасының алдындағы адамдардың көптігі және рейстің ұзақ уақытқа кешігуі.
Соңғы фактордың әсері ерекше. Себебі жолаушылар күту залында жоспарлағанынан әлдеқайда ұзақ отырып қалуы мүмкін.
Бұған қоса әуежайға ұшудан бірнеше сағат бұрын келу қажеттілігі, қауіпсіздік тексеруінен өту кезіндегі ұзақ кезек, күту залынан бос орын іздеу сияқты жағдайлар да адамның жүйкесіне әсер етеді. Мұның бәрі тітіркенуді күшейтеді. Ал эмоциясын басқара алмайтын немесе мас жолаушыда бұл тітіркену агрессияға ұласуы мүмкін.
Орындықтар арасындағы қашықтық
Ұшақ салонындағы жеке кеңістік барған сайын құнды ресурсқа айналып келеді. 50 жыл бұрын ұшақтағы орындықтар арасындағы орташа қашықтық шамамен 86 сантиметр болған. 30 жыл бұрын бұл көрсеткіш 81 сантиметрге дейін қысқарды. Қазір ол шамамен 76 сантиметрді құрайды. Жолаушы өзінің жеке кеңістігі шектелген кезде ашуға берілуі таңғаларлық емес.
Тағы бір себеп – эконом-класс жолаушылары ұшақтың артқы бөлігіне бара жатқанда бірінші класс қатарларындағы жайлы орындардың жанынан өтеді. Әлеуметтік теңсіздікті көзбен көрген жолаушылар агрессивті әрекетке бейім болуы мүмкін.
Жағымсыз көршімен бірге ұшуды жеңілдету жолдары
Кез келген қоғамдық көлікте жаныңыздағы орынға кім отыратынын алдын ала білу мүмкін емес. Көршіңіз аса жағымды адам болып шықпауы әбдн мүмкін. Ондайда сапар кезіндегі жайсыздықтардың алдын алып, барынша жайлы өткізуге тырысуға болады.
1. Әуен тыңдайтын немесе шуды басатын құлаққап алыңыз
Айналадағы шудан оқшаулану үшін өзіңізбен бірге құлақ тығындарын немесе құлаққап алып жүрген жөн. Кей әуе компаниялары жолаушыларға жолға арналған шағын жинақ ұсынады, оның ішінде құлақ тығындары да болуы мүмкін.
2. Ұшу кезінде немен айналысатыныңызды алдын ала ойластырыңыз
Смартфонға немесе планшетке сүйікті фильмдеріңізді, сериалдарыңызды, музыканы, аудиокітаптарды жүктеп алыңыз. Жаныңыздағы адам сөзшең болса, ал сіз әңгімелескіңіз келмесе, бұл жақсы себеп бола алады. Оған шаршағаныңызды және демалғыңыз келетінін айтып, құлаққап тағып, музыка, подкаст немесе фильм қосуға болады. Бұл әдіс көршіңіз сізді әдейі арандатып немесе жанжалға тартуға тырысқан жағдайда да көмектесуі мүмкін. Оның сөздеріне жауап бермеңіз. Әдепті түрде тыныш отырғыңыз келетінін айтып, құлаққап тағыңыз. Оның сөздерін естімей отырғаныңызды түсінсе, сабасына түсуі ықтимал.
3. Көршіңізбен сыпайы сөйлесіңіз
Көршіңіз қол жүгін сіздің орындығыңыздың астына қойса, телефонмен тым қатты сөйлессе, құлаққапсыз музыка тыңдаса немесе фильм көрсе, одан сыпайы, бірақ нық түрде бұл әрекетін тоқтатуды сұраңыз. Адамның қолайсыздық тудырып отырғанын айту жеткілікті. Егер ол өтінішіңізді орындамаса, бортсерікке жүгініңіз.
Кейде жаныңыздағы адам қатты қобалжып, өзін тыныштандыра алмай отыруы мүмкін. Мұндайда қысқа әңгіме шиеленісті басудың ең тиімді тәсілі болуы ықтимал. Көршіңізден жағдайын сұраңыз. Мүмкін, ол аэрофобиядан зардап шегіп, эмоциясын басқара алмай отырған шығар. Мұндай кезде авиацияның қауіпсіз көлік түрлерінің бірі екенін айтуға болады. Немесе әңгімені басқа тақырыпқа бұрған дұрыс. Мысалы, көршіңізден ұшақ бара жатқан қалада бұрын болған-болмағанын сұраңыз, оның әсерін біліңіз.
4. Физикалық кедергі жасаңыз
Көршіңіз отыра сала наразылық білдіріп, шағымданып, сізді де өзінің ренішіне қосылуға шақырса, онымен арада физикалық оқшаулау, символдық кедергі жасаңыз. Рейске кішкентай жастық алып шығыңыз да, оны өзіңіз бен көршіңіздің арасына қойыңыз. Немесе бортсеріктен көрпе сұрап, оған оранып алыңыз. Капюшон киіңіз. Бұл қарапайым әрекеттер өзіңізді қауіпсіз әрі жайлы сезінуге көмектеседі. Сонымен қатар көршіңізге сөйлесуге ниетіңіз жоқ екенін аңғартады.
5. Бортсерікке жүгінуге кеңес беріңіз
Көршіңіз тынышталмай, үнемі наразылық білдіріп, шағымдануын жалғастырған жағдайда, бұл мәселелерді шешуге көмектесе алмайтыныңызды айтыңыз. Ең дұрысы бортсерікті шақырып, мәселені соған айту екенін түсіндіріңіз. Қажет болса, бортсерікті шақыратын батырманы көрсетіп, тіпті оны өзіңіз басып беруді ұсыныңыз.
6. Салон ішінде жүріп қайтыңыз
Бұл да жалғастырғыңыз келмейтін әңгімені сыпайы түрде аяқтауға көмектеседі. Орныңыздан тұрып, салон ішінде жүріп, аздап қозғалыңыз. Қайтып келген соң көршіңізге де осылай қозғалып алған дұрыс екенін ұсынуға болады. Орныңызға отырған бойда құлаққап тағыңыз. Құлаққаппен отырған адамды жаңа әңгімеге тарту қиынырақ.
7. Медитация жасап көріңіз
Терең тыныс алыңыз, босаңсуға тырысыңыз. Музыка, табиғат дыбыстары немесе өзіңізді тыныштандыратын кез келген аудионы қосыңыз. Айналада болып жатқан жағдайдан бір сәтке алыстап, ішкі күйіңізге назар аударуға тырысыңыз.
Ұшақ креслосында медитация жасау пайдалы болуы мүмкін. Ол күйзелісті азайтып, ұшудың бір бөлігін жағымды өткізуге көмектеседі.
8. Бортсерікті шақырыңыз
Егер мәселені өзіңіз шеше алмасаңыз, бұл – ең тиімді жолдардың бірі. Салонда бос орындар болса, басқа орынға ауыстыруды сұрап көруге болады. Бірақ алдымен бортсерікке қазіргі орныңызда отырудың не себепті қиын екенін түсіндіріңіз.
Борттағы агрессиядан өзіңізді қалай қорғауға болады?
- Мүмкін болса, адам көп жиналмайтын әуежайларды және рейстері жиі тоқтатылмайтын немесе кешіктірілмейтін әуе компанияларын таңдаған жөн. Мұндай мәліметтерді тәуелсіз сарапшылар немесе салалық басылымдар тұрақты түрде жариялап отырады.
- Сапардың күні мен айы да маңызды, әсіресе танымал туристік бағыттардағы рейстерге қатысты. Жазда немесе мерекелер кезінде агрессивті жолаушыларға тап болу қаупі жоғарырақ болуы мүмкін, себебі жалпы жолаушылар саны артады.
- Көпшілік біле бермейтін тағы бір жайт – ұшу үшін ең қолайсыз күндер бейсенбі күні түстен кейін және жұма болуы мүмкін. Себебі кей адамдар бірнеше күндік демалыс жасау үшін бейсенбіде жұмыстан сұранып алады.
Ең бастысы, мазасыз, агрессиялы көршіңізге еріп, өзіңіз де шу шығаратын жолаушыға айналып кетпеңіз. Ұшу көп ұзамай аяқталады. Сапар кезінде болған ұсақ келеңсіздіктердің бәрін жерге түскеннен кейін тез ұмытып кетесіз.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,


