Ваби-саби мен Шошинді кез келген жерде және өмірдің барлық саласында қолдануға болады.
Фото: ЖИ көмегімен салынды
Біз кішкентайымыздан «Өмір – күрес», «Өмір – жарыс» деген сөздерді естіп өстік. Қазіргі заман да бізден үнемі «тезірек, биігірек, күштірек» болуды талап етеді. Осындай үздіксіз жарыста адам шаршайды. Өзімізге тым қатал болу, мінсіздікке ұмтылу, үнемі жарыста жүру – жанды қажытады. Ал қажыған жан әрекеттен қашады.
Бірақ шын мәнінде жалқаулық – энергияның жоқтығы емес. Көбіне ол – белгісіздіктен қорқу, мінсіздікке жетпей қаламын деген үрей, немесе психиканың шамадан тыс жүктемеден қорғану реакциясы. Яғни жалқаулық – жау емес, сигнал.
Жапон даналығы бұл мәселені күшпен емес, ішкі тепе-теңдік арқылы шешуді ұсынады. Соның ішінде ерекше екі философия бар: Ваби-саби және шошин.
Жапондық Ваби-саби және шошин философиялары – бұл жай ғана тайм-менеджмент құралдары емес, бұл өз-өзіңмен күреспей әрекет ету өнері. Олар бізді өзімізді кінәлаудан босатып, жұмысқа деген қызығушылықты оятады. Бір сөзбен айтқанда, көзқарасты өзгертеді.
1. "Ваби-саби"
Бұл «Мінсіздік күтпе. Баста. Қателес. Жетілдір» принципі. Яғни «мінсіз болу керек» деген ойдан босану философиясы.
Көбінесе біз істі «Мінсіз болуы керек», «Дайындығым толық емес», «Уақытым жеткіліксіз», «Әдемі нәтиже шықпаса ше?» деп, кейінге қалдырамыз немесе мінсіз етіп істеудің жолдарын іздеп, көп ойланамыз. Көп ойлану уайымға, қиялда өмір сүруге, әрекетсіздікке апарады. Қазақта «Ақылды ойланып отырғанда, ақымақ балалы боп үлгереді» дейді. Яғни әрекет – ойдан жылдам.
Ваби-саби бізге кез келген істің бастапқы нұсқасы шикі, қателіктерге толы болуы қалыпты екенін айтады. Және маңыздысы – мінсіздік емес, процес екенін түсіндіреді. «Бастысы, бастаңыз. Содан кейін оны біртіндеп жақсартуға болады» дейді Ваби-саби философиясы.
Мысал: Сіз жаттығу жасауды бастағыңыз келеді, бірақ «әдемі спорттық киімім жоқ» немесе «фитнес залға бару үшін артық ақша жинап алайын» деп кейінге қалдырасыз. Я болмаса «Бүгін көңіл күйім болмай тұр, ертең бастаймын» дейсіз. Осылай апта, ай, тіпті жылдар өте береді. Ал Ваби-саби принципі фитнес залға бармай-ақ үйде ескі футболкамен небәрі 5 минуттық жаттығу жасап бастауды ұсынады. "Оған арнайы уақыт бөлуім керек, балалар сәл өссін" деп, тағы да мінсіздікті іздеп жатсаңыз, Ваби-саби психологиялық техникасы бойынша күнде балаңызды балабақшаға апарған соң, қайтар жолда ауладағы алаңшада тегін тұрған спорттық құралдармен 5-7 минут жаттығу жасауға болатынын ескертеді.
Олай болса, «мінсіздік» тұзағынан шығыңыз. Өзіңізге қателесуге және істі «орташа» деңгейде бастауға рұқсат беріңіз. Есіңізде болсын, мінсіз бастама жоқ. Жасалынған іс – бітпеген мінсіз істен артық.
2. "Шошин" даналығы
Бұл – кез келген іске, тіпті оны мың рет жасасаңыз да, бірінші рет көріп тұрғандай таңданыспен және ашық ниетпен қарау принципі.
Жалқаулық негізгі себебінің бірі «Мен мұны білемін, бұл іс қызық емес», «Тағы сол баяғы жұмыс» деген жалығу ойынан туады. Бұл ішкі қаосылықты тудырады. Ал Шошин көзқарасы біздің ішкі «сарапшымызды» өшіріп, «зерттеушімізді» оятады.
Мысал: Оқушылардың білім деңгейі туралы тооқсандық есеп беруіңіз керек делік. Сіз есеп жазуды жек көресіз. Шошин техникасын қолдансаңыз: «Осы жолы деректерді қалай басқаша орналастыра аламын? Жаңа формула қолданып көрсем не болады?» - деп, процеске бала секілді қызығушылықпен қарайсыз. Ендеше, әр іске жаңа мүмкіндік ретінде қараңыз. Көзқарас өзгергенде, процесс қызықты бола бастайды.
Байқасаңыз, ваби-саби мен шошин даналығының бірі – ішкі қысымды азайтса, екіншісі – қызығушылықты қайта оятады. Екеуі бірігіп, ішкі қарсылықты жеңуге көмектесіп, әрекетті жеңілдетеді.
Ең бастысы, Ваби-саби мен Шошинді кез келген жерде және өмірдің барлық саласында қолдануға болады. Өйткені олар сыртқы жағдайды емес, сіздің сол жағдайға деген реакцияңызды өзгертеді.
Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,
Тағы да оқыңыз:
Байығыңыз келсе АҚШАҒА ХАТ жазыңыз
Әкені кешіру - мол табысқа жол ашады


