​Невилл Годдардтың ТІЛЕК ОРЫНДАУ ФОРМУЛАСЫ

0
202

Арманды орындайтын сезім күші! Осыны түсінсеңіз, арман-мақсаттарға қол жеткізу оңай болады.


​Невилл Годдардтың ТІЛЕК ОРЫНДАУ ФОРМУЛАСЫ

Фото: ЖИ

Арманының орындалғанын, тілегінің қабыл болғанын қаламайтын жан жоқ шығар, сірә?! Адамзат баласы ғасырлар бойы осы бір құпияның сырын іздеумен, зерттеумен келеді. Осы бағытта түрлі ритуалдар мен әдіс-тәсілдер де жеткілікті. Сан түрлі манифестациялар мен техникалардың ішіндегі ең тиімдісі әрі қарапайымы – америкалық философ Невилл Годдардтың тілек орындау формуласы. Оның ілімі күрделі ритуалдарды қажет етпейді, бүкіл жүйесі бір ғана негізгі қағидаға тіреледі: «Мақсатқа жеткен кездегі сезімді дәл қазір бастан кешу».

Годдард өзінің әлемге танымал «Сіздің бұйрығыңыз бойынша», «Сеніміңіз – сіздің байлығыңыз», «Саналылық күші», «Сезім – басты құпия» кітаптарында тілекті дәл қазір орындалған шындық ретінде қабылдаудың маңыздылығын айтады.

Ендеше, Невилл формуласы бойынша тілек тілеудің негізгі қадамдарына көшейік.


1-қадам. Нәтижені нақтылау және «Қалай?» сұрағынан бас тарту

Алдымен не қалайтыныңызды нақты білуіңіз керек. Бірақ оған «Қалай жетемін?», «Ақша қайдан келеді?» деген процесс жолдарын ойлап, басыңызды қатырмаңыз. Тілеген нәрсеңізге қазірдің өзінде ие болып қойғаныңызды сезініңіз. Ол үшін «Мен мынаған қол жеткізгім келеді» деген ойды «Бұл менде қазір бар» деген нық сенімге алмастырыңыз.


2-қадам. Соңғы нәтиженің қысқа сценарийін жасау

Сіз тек соңғы нәтижені ғана таңдайсыз. Тілегіңіз орындалып қойғанын дәлелдейтін 3-5 секундтық қысқа көріністі қиялыңызда тудырыңыз. Маңыздысы – бұл көріністі кино көріп отырғандай сырттан емес, өз көзіңізбен (бірінші жақтан) көруіңіз шарт.

Мысалы: Егер сізге жұмыс керек болса, түйіндеме өткізіп жүрген сәтті емес, сізді жұмысқа қабылдап, өз креслоңызға отырғызып жатқан соңғы сәтті елестетіңіз. Ал егер жаңа автокөлік қаласаңыз, кілтті қолыңызға ұстап тұрған сәтті анық сезініңіз.


3-қадам. Шындық ретінде сезіну

Невиллдің «Сезім – басты құпия» деген сөзін әркез жадыңызда ұстаңыз. Арманыңыз орындалған сәтте қандай күйде болар едіңіз, соны дәл қазір сезініңіз.

Мысалы: Мақсатыңыз орындалса, жақын адамыңыз сізге не дер еді? Ол сіздің қолыңызды қысып: «Құттықтаймын, сенің қолыңнан келді!» - деп жатыр. Сіз оның көзіне қараңыз, дауысын естіңіз, қолының жылуын сезініңіз. Ішіңізде мақтаныш пен ризашылық сезімі оянсын.

Осы қысқа көріністі қиялыңызда шынайы сезім (қуаныш, жеңілдік, тыныштық) орнағанша қайталай беріңіз. Күндіз тым болмағанда 1 сағат осы күйде жүруге тырысыңыз, ал түнде ұйықтар алдында міндетті түрде осы сезіммен ұйықтап кетіңіз.


4-қадам. Алғыс айту

Адам бір нәрсеге қол жеткізгенде, біреу бір ісін тындырып бергенде шын жүрекпен рахмет айтады. Олай болса, дәл қазір орындалып қойғандай сезінген тілегіңіз үшін іштей «Саған рахмет!» деңіз. Жаратушыға, Ғаламға, сәттілікке алғыс білдіріңіз.

Маңызды ескерту: Енді сіз қайтадан «Бұл тілек қашан орындалады?» деп уайымдамауыңыз керек. Формула бойынша, сіз – мақсатына жетіп қойған адамсыз. Ішкі сеніміңіз бен сезіміңізді жоғалтпаңыз. Сіз іште сезінген нәрсе – бейсанаға егілген дән. Ол міндетті түрде уақыты келгенде сыртқы әлемде материалды түрде өсіп шығады.

Невиллдің кітаптарындағы тағы бір құпияны жаттап алыңыз: тілектің орындалуына күмәнданбау – оның материалдық әлемде тезірек жүзеге асуына жол ашады.


Невилл Годдард кім?

Невилл 1905 жылы Барбадос аралындағы көпбалалы көпес отбасында дүниеге келген. 17 жасында ол театр өнерін оқу үшін АҚШ-қа көшіп келеді. Нью-Йоркте жүріп ол табысты биші әрі актер ретінде таныла бастайды, тіпті Англия мен Америка бойынша гастрольдік сапарларға шығады. Өнер жолында жүрсе де, оның көңілі әрдайым өмірдің мәні мен адам санасының құпияларына ауып тұратын. Ол түрлі діни, философиялық кітаптарды оқып, іздене бастайды.

Невиллдің өмірін толығымен өзгерткен адам Абдулла есімді эфиопиялық раввин (еврей мистигі) болды. Абдулла Нью-Йоркте тұратын, сырт көзге өте қарапайым, бірақ иврит тілін, кабалланы, Киелі кітаптың (Библия) астарлы мағынасын терең меңгерген жұмбақ адам еді.

Невилл досының кеңесімен Абдулланың дәрісіне барады. Абдулла Невиллді 7 жыл бойы шәкірт етіп тәрбиелейді. Оның ілімінің басты шарты «Тілегің орындалып қойғандай өмір сүр» деген қағида еді. Невилл бұл ілімнің күшіне бірнеше нақты оқиғалардан кейін толық сеніп, өмірін осы ілімді зерттеуге және оны адамдарға уағыздауға арнайды. Ол саналы өмірінде адамдарға осы бір ғажайыпты түсіндіру үшін тегін дәрістер өтеді. Соның нәтижесінде он шақты кітабын жазады.

Невилл Годдардтың ілімін іс жүзінде қолданып, үлкен нәтижелерге жеткізген адам көбейіп, оған жан-жақтан хаттар толассыз келіп жатады. Невилл армандарына оңай қол жеткізген адамдардың шынайы оқиғалары мен хаттарын жинақтап «Заң және уәде» деген кітап жазады.

Егер Невиллдің іліміне әлі де сенбей отырсаңыз, оның «Заң және уәде» кітабын интернеттен жүктеп алып оқып шығыңыз.


Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

"Өзіңді өзің кездесуге шақыр" техникасы

28 күнде жаңа өмір: Ронда Берннің «МАГИЯСЫ»