​«Сүндеттелгім келеді»: Отыздан асқан бойдақ жігіт ешкімге айтпаған құпиясын жайып салды

0
5 591

«Өкпелейін десем, ата-анам да өмірден өтіп кетті...»


​«Сүндеттелгім келеді»: Отыздан асқан бойдақ жігіт ешкімге айтпаған құпиясын жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Әдетте ұл баланы кішкентай, ес білмейтін, ағзасы енді өсіп-жетіліп келе жатқан кезде сүндетке отырғызады. Кейде тіпті туыла салып сүндеттейді. Бұл рәсім ата-ана үшін жауапкершілігі мол парыз саналады. Десе де ел ішінде балаларын сүндеттемей, оны тіпті есінен шығарып алатын кісілер бар екен.


Солтүстік өңірде тұратын ERNUR.KZ оқырманы әлі күнге сүндеттелмегенін айтып, мұңын шақты.


«Үйдің ең кенже ұлымын. Әке-шешем екі ағамды 5, 3 жастарында «отырғызып» қойған екен. Мен өте ерке болғам ба, жандары ашып, «өсе берсін» деп кейінге ысыра салған. Ол кезде медицина онша дамымаған ба, әйтеуір екі ағамды жылына бір келіп, ауыл балаларын жаппай сүндеттеп кететін молда шал сүндеттеген екен. Бір жылы сол кісіге сүндеттелген баланың мүшесі дұрыс кесілмей, қан саулап, өмірін әрең сақтап қалғасын әлгі молда сол күйі ауылға ат ізін салмай кетіпті. Осы жағдайдан кейін де әке-шешем қорқып қалған шығар деп ойлаймын.


Мектептің жоғары сыныбында оқып жүргенде балалармен шомылуға барамыз, сондайда қатты ұялатын едім. Әжетханаға да ұлдармен бірге кірмейтінмін, әрдеңені бір сылтауратып бөлек кіріп жүрдім. Себебі олардікі менікінен басқаша екенін байқап қойғам. Тығылып жүріп мектепті де аяқтадық қой.


Сол комплекс менде әлі бар. Өзімді бір жері кем адамдай сезінем. Бұл жайлы интернет ақтарып, оқымаған мәлімет қалмады. Денсаулыққа пайдасы жақсы екен. Бірақ «сүндеттелгім келеді» деп назымды айтатын әке-шешем жанымда жоқ. Ол кісілер өмірден өтіп кетті. Ал ағаларым мен әпкеме айтсам, олар әйелдеріне жеткізіп қойса, масқара ғой. Қатты ыңғайсызданамын.


Студент боп жүргенде үш жігіт боп пәтер жалдап тұрдық. Арамызда сыр болмайтын. Бір күні бойыма бар күшімді жинап, осы проблеманы ортаға салдым. Сөйтсем Қостанайдан келген досым да сүндеттелмеген екен. «Мен де ұялам, операция жасату керек еді» деді. Сөйтіп екеуміз хирург іздедік. Қанша дегенмен құлақ тесе салатындай оңай шаруа емес, бойымызда қорқыныш бар. Алдын ала бірнеше анализ тапсырып, бәрі дұрыс болғасын ота жасайтын күн белгіленді.


«Сен кестіріп көр, жақсы шықса мен де ақшамды жинап келемін» деп демеу бердім. Ота ақылы клиникада жасалатын болған. Содан досымды ішке кіргізіп алды. Бір сағатқа жақындаған уақта досымның жан дауысы шықты. Сөйтсем «местный» наркоз берген, оның күші ота бітпей жатып кетіп қалған екен. Ауруды басатын дәрі беріп, үйге жіберді.


Пәтерге келіп қарасақ... сау жері жоқ, бәрі қан-жоса. Ананы көріп менің дене түршігіп кетті. Дереу такси шақырып, әлгі клиникаға қайта бардық. Сөйтсек дұрыстап тікпеген екен. Не керек, екі аптадай азап көріп, әрең жазылды. Қайта-қайта ауруханаға барып «перевязка» жасатудың өзі бір машақат болды.


Сол досым екі жыл бұрын үйленген. Бір баласы бар, «кестіріп ал, жақсы екен» деп күліп еске алып отырады. Қанша қиналса да ота жасатқанына өкінбейтінін айтады.Бірақ менің жүрегім шайлығып қалған, ота дұрыс жасалмай, азапқа түсем бе деп қатты қорқамын. Осы кемшілігімнен әлі күнге дейін қыздарға барған емеспін. Күліп, мазақ етсе үйленуден де бетім қайтып қалатын сияқты.


Әрбір ата-ана баласының денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарау керек екен. Байқаймын, бізде қазір балаларының жыныс мүшесі қалай дамып жатыр, өз жасына сай ма, «аппараты» дұрыс істей ме, жоқ па, тексеріп, қадағалап, дәрігерге көрсетіп жатқан адам кемде-кем. Осыны қаперге алу керек. Әке-шешем өмірден өтіп кетті, кімге өкпе артам. Өз күйігім өзімде, біреуге ашып айта алмайтын проблемам бар...»