Сурет: www.garmoniazhizni.com
Өміріндегі қиындығын бөліскен ERNUR.KZ оқырманы "Не болса да қараңғы түннің артынан жарық күннің шығатынына» сенуден шаршамаймын" дейді.
Мұнысы өзін алдарқату ма әлде шынымен үміт оты сөнбей, маздап тұр ма - өз сөзінен байқаңыз.
"Мектепті үздік бітіріп, оқуға түспей қалғандардың бірі менмін. Әлі күнге дейін жүрегім сыздап тұрады. Мектептен кейін үйден алыстап кете алмадым. Бір жыл бойы келер жылы оқуға түсу үшін тестке дайындалдым, әке-шешеме көмектесіп, жұмыс істедім.
Екінші жылы да өз күшіммен оқуға түсемін деп құжаттарымды жинап тапсырғанда, өкінішке орай тағы да түсе алмадым. Сол кезде қатты жыладым.
«Мектепті қызыл аттестатқа бітіріп тұрып, қатарынан екі жыл оқуға түсе алмай қалыпты» деген сөзден қорқып, үйден аттап шықпайтын болдым. Қатты намыстандым сол кезде. «Ата-анамның, ұстаздарымының атына кір келтірдім, олардың үміттерін ақтай алмадым» деп қамықтым.
Бұл жыл бойы дайындалған сұрақтарымның жауабын білмей қалғандығымнан емес шығар, бәлкім. Тестке кірер кезде қатты қобалжитынмын. Сол орынсыз қобалжудың кесірінен оқуға түсе алмай қалып отырған жоқпын ба?
Жол сілтейтін де ешкім болмапты. Әркім өз шаруасымен. Ақылы оқуға түсіруге ата-анамның жағдайы келмеді. Қарапайым шаруа кісілер. Ауылда шаруа отбасында дүниеге келген менің оқуға түспей қалғаным ата-анама қайғы болмаған да сияқты.
«Оқымаған адам – адам емес пе сонда? Соншама қайғырып жылағаның не? Сүрт көзіңнің жасын. Әлемде оқымай қалған жалғыз сен болсаң да» деп анам қатты ұрысты.
Содан мен өзімнен басқа ешкімге де сене алмайтынымды түсіндім. Алладан сұрап, тағы да дайындалдым. Бұл жолы барынша қобалжымауға, уайымдамауға тырыстым. Солай, үшінші жыл дегенде грантқа ілігіп, Көкшетау қаласына оқуға түстім.
Оқуға тегін түстім ғой дегенмен, біздің ауылдан Көкшетауға барып оқу үшін біраз қаражат керек болды. Ата-анам жолыма азын-аулақ ақша берді, бірақ, "Ары қарай өз күніңді өзің көр" деп шығарып салды.
Содан мен оқуға түсіп, студенттік өмірді бастан кешіп жатқаныма қатты қуанышты едім. Алайда, алатын шәкіртақым жетпей, ауылдан да қаражат келмей, қосымша жұмыс істеуге мәжбүр болдым.
Дүкенде сатушы болып істеп, тұратын пәтердің ақысын төледім. Тамағыма, киімдеріме шәкіртақым жететін. Мұнда бізге қарағанда барлық нәрсе қымбат. Өзім оңтүстіктің шалғай жатқан ауылынан болған соң, ауылда соншалықты көп шығын жұмсамайтын едім. Оның үстіне күн көріс біз жақта арзаншылық еді.
Бір жағынан оқуым, бір жағынан жұмысым бар. қатар құрбыларым секілді қыдыруға уақытым да, қаражатым да болмады. Қатты шаршағаным сонша, оқуға барғанда дым түсінбей, білім алудан бетім қайтып қалды.
Әйтеуір ілініп-салынып болса да, оқуымды бітіріп шықтым. Оған да шүкір деймін. Бірақ сол мамандықпен әлі жұмыс істемедім. Себебі, тағы сол тек таныспен жұмысқа алады, ашығын айтқанда. Оқуға түсу үшін үш жыл күтіп едім. Енді өз мамандығыммен жұмысқа тұруды күтіп жүргеніме бес жыл болды. Өзгелер секілді тамыр-таныс тауып немесе «сыйлық» беріп шешейік десек, оған да қомақты қаражат тауып бере алмай отыр күйеуім. Неге мен үшін барлығы қиын болып кетті, түсінбеймін. Не болса да «қараңғы түннің артынан жарық күннің шығатынына» сенуден шаршамаймын..."