​«Еркектен «құдай» жасамайық»: шымкенттік әйел ер-азаматпен ашық сөйлесуге шақырады

0
1 467

«Еркек еркектігін істейді» деп ақтап алу - бос сөз»


​«Еркектен «құдай» жасамайық»: шымкенттік әйел ер-азаматпен ашық сөйлесуге шақырады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


"Қыз-келіншектердің басы қосылса көбіне үй-тұрмыс, бала-шаға мен ата-ене, қала берді күйеу тақырыбының талқыға түсетіні анық. Кейде ондай әңгімелер әйелдерге терапия секілді болады. Өйткені айта алмай, айлар, тіпті жылдар бойы жиналған мұң-шерін тарқатып, жеңілдеп қалады.

Таяуда біз де құрбылармен бас қостық. Айтылмаған әңгіме, қозғалмаған тақырып қалмады. Ақырында ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасына келіп тірелдік. Құрбыларым бірінен кейін бірі, жарыса өз оқиғаларын баяндап, біраз нәрсені көңілге түйіп едім. Сол жөнінде ERNUR.KZ оқырмандармен ой бөліскім келеді", - деді Аружан есімді шымкенттік әйел.


Оқырманымыздың ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасына қатысты айтқан ойын қаз-қалпында назарларыңызға ұсынып отырмыз.


«Арамыздағы Жайна деген қызымыз күйеуімен ренжісіп, ажырасудың сәл-ақ алдында отырғанын айтып, құрбыларынан ақыл-кеңес сұрады. Айтуынша күйеуі жөн-жосықсыз ішіп, кейде үйіне келмей, қонбай қоя салатын әдет тапқан. Құрбымыз да жақында ғана төртінші баласын дүниеге әкелген еді. Күйеуінің ішіп, отбасына, өзіне, бала-шағасына көңіл бөлмей жүргені бар, босанғаннан кейінгі депрессиясы бар, бәрі қосылған сияқты ма, «Бәрінен шаршадым. Күйеуім күйдіріп жүр» деп жылап қалды.


Ондайда біз не дейміз, қыздардың біразы «сабырға келсейші, бір күні есін жинар, ақылы кірер» деп бар білгенімізді айтып бақты. Тек арамыздағы Майра ғана басқаша сөйлеп шықты. Ол бәрімізден бұрын тұрмысқа шыққан. Бұрындары «сен бәрін білесің ғой, тәжірибең көп» деп әзіл-шынын араластырып тиісетін едік. Сол тәжірибесіне сүйеніп, Жайнаға біраз нәрсе айтты.


«Жайна, сенікі таза еркелік. Басқа істейтін ісің жоқ, аңдығаның күйеуің болып кетіпті. Мынау да әңгіме ме? Еркек болған соң ішеді, жүреді, тұрады. Себебі ол – еркек, еркектігін жасайды. Мен де басында сен сияқты жылап-сықтап, «кетем, ажырасам» деп аттай тулағам. Бірақ ажырасқанда қайда барасың. Көндік, бірталай кемшілігіне көзімізді жұма қарадық. Ішті де, ұрды да, арасында қыз-қырқынға да көз салды. Бірақ соның бәріне үндемей, шыдап, енді қазір тәп-тәуір отбасы болып отырмыз. Ал сенің күйеуің ше?! Жұмысы бар, тұрақты табысын тауып, отбасын асырап отыр. Ішіп келсе де ұрмайды екен. Одан басқа не керек?!» деп өзінше ақыл айтты.


Майраның мына сөзін басқалар да қолдай кетті. «Иә, шынымен де, ұрмаса болды ғой, бастысы! Ішкенін кешіруге болады енді, олардың табиғаты сондай ғой» деп Жайнаның күйеуін ақтап алудың сан түрін ойлап тапты.


Жалпы, біздің қоғамда еркектің ішпеуін, оның әйелді ұрып-соқпауын, уақтылы үйге келуін, қыдырмауын үлкен ерлікке балайтындар көбейіп кеткен. «Еркек ішпей ме, онда ол керемет адам! Әйелін ұрмай ма, демек, ол – әулие!» дейтіндерді естісем ашуым келеді. Неге біз кәдімгі, дені сау адамның істейтін тірлігін ерлікке балап кеттік? Еркектің әйелін ұрып-соқпауын, ішпеуін, балаларына дұрыс тәрбие беріп, жақсы әке болып отыруын қалыпты нәрсе деп неге қабылдай алмаймыз?

Жақында бір танысымыздың келіні екі баласын алып, төркініне кетіп қалды. «Не болды, неге кетті?» деп сұрасақ «Есіріп біткен, ішпейтін, шекпейтін, ұрмайтын байдың қадіріне жетпеді» деп енесі бірталай әңгіме айтты.


Жайнаның жағдайына келер болсам, күйеуі жап-жақсы табыс табады, бірақ соны оңды-солды шашып, өз берекесін өзі қашырады екен. Ал жаңа босанған әйелге не керек? Бір уақыт қасында болып, бала-шағаға қарасса дейді, ара-тұра көңіл бөліп отбасылық кешкі асқа шақырғанын қалайды. Қала берді «Мына балалардың тәрбиесі қалай? Не керек, не жетпейді? Сені не мазалайды? Қандай арманың бар?» деп бергі жағымен болса да сұрап, әңгімелессе деп ойлайды ғой. Ал оған еркектің түсінігі жете ме? Көбісінікі жетпейді. Отбасында ашық әңгіме жоқ. Күйеуі ішіп келіп жатады, ал әйелі оған өкпелеп, реніші ішінде бұрқ-сарқ қайнап отыра береді. Кейде сол реніші айқай-шумен сыртқа шығуы мүмкін. Ал оның соңы бірін-бірі тыңдамау, қол жұмсау, ұрып-соғумен аяқталады.


Осындай жағдайға жетпес үшін не істеу керек? Мен енді кәсіби психолог емеспін. Дегенмен осындай жағдайға тап болған қыз-келіншектерге өз тәжірибеме сүйеніп, бірер кеңес бере кетсем деп отырмын.


Жалпы, күйеуі ішіп, күндіз-түні қыдырып кеткен әйелдердің ең бірінші қателігі – құтқарушының рөліне кіріп алады, «ішпеші, қайда жүрсің, үйге қайтсайшы» деп күйеуіне жалынады. Үйге келсе мамасы сияқты алдына ыстық тамағын тосып, бәйек болып жүгіріп кетеді. Осыны тоқтату керек. Фокусты, бар ынта-ықыласты өзіңізге, балаларыңызға бұрыңыз. Еркек бала емес, солай жүр ме, ол оның таңдауы. Қашанға дейін жүрер екен, сырттай бақылаңыз да қойыңыз. Оны өзгертуге тырысқан есіл уақытыңызды, ойлаған, ашуланған, ренжіген жүйкеңізді өзіңізге сақтаңыз. Балаларыңызға бар мейірім-махаббатыңызды беріңыз. Бір сөзбен айтқанда – «игнор» керек. Арғы жағында санасы бар еркек болса осыдан кейін өзі-ақ ойланады, балаларынан ұялып, бірте-бірте қалыпты өмірге қайта оралады.


Сосын, «еркек маған үйтпеді, бүйтпеді», «маған гүл де сыйламайды» деп сырттай өкпелеп жүре бергенше ашық әңгімеге шақыру керек.

«Құрметті менің күйеуім, жақында менің туған күнім келе жатыр. Маған сыйлық сыламағаныңа пәлен жылдың жүзі болды. Бұл жолы сенен мынандай сыйлық күтем. Сенің қолыңнан оны әперу келеді деп ойлаймын...» деп қалауыңызды ашық айтып үйреніңіз. «Менің киноға барғым келеді, апарып келші», «Бүгін тамақ істеуге шамам болмай отыр, сырттан тамақ ішсек қалай болады» деп бәрін ашып айтпасаңыз, еркектердің көбі мұндай нәрселерді ойлай бермейді.

Ашықтық керек. Ренжідіңіз бе, айтыңыз. Қалағаныңыз болмай жатыр ма, оны да айтыңыз, бәрін әңгімелесу арқылы шешуге тырысайықшы, қыздар!


Қазіргі қоғамда үйленуден ажырасу көп. Осыларды ойласам кәдімгідей ойланып қаламын. «Мен еркекпін, ішпегенім үшін құрметте, жүрмегенім үшін сыйла» дейтін заман емес. Күйеудің жақсы қасиеттерін қалыпты норма деп қабылдап, қолдан «құдай» жасауды тоқтатайық дегім келеді».