Оқушы ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ қолданғанда мұғалім НЕ ІСТЕУ керек?

0
150

Үй тапсырмасын орындау, шығарма жазу, есептің шешімін табу, тіпті жобаның мәтінін құрастыруға дейін жасанды интеллектке жүгінетін оқушылар көбейді.


Оқушы ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ қолданғанда мұғалім НЕ ІСТЕУ керек?

көрнекілік: pistures-child сайтынан

Қазір оқушылардың ChatGPT қолдануы – тосын жаңалық емес, күнделікті шындық. Үй тапсырмасын орындау, шығарма жазу, есептің шешімін табу, тіпті жобаның мәтінін құрастыруға дейін жасанды интеллектке жүгінетіндер көбейді. Мұғалімдердің бір бөлігі бұған алаңдайды, бір бөлігі ашуланады, енді бірі тыйым салуға тырысады. Бірақ шындық біреу: ChatGPT-ді тоқтата алмаймыз, ал оны дұрыс бағытқа бұра аламыз.


Ең алдымен мұғалім ChatGPT-ді жау емес, құрал ретінде қабылдауы керек. Оқушының оны қолдануы – жалқаулықтың емес, жаңа дәуірге бейімделудің белгісі. Бұрын біз ақпаратты кітаптан, интернеттен іздесек, бүгін оқушы оны диалог арқылы алады. Демек мәселе «қолданды ма, қолданбады ма?» емес, «қалай қолданды?» деген сұрақта.


Екінші маңызды қадам – тапсырманың сипатын өзгерту. ChatGPT дайын жауапты оңай береді, бірақ ол оқушының жеке ойы мен тәжірибесін алмастыра алмайды. Сондықтан мұғалім тек ақпаратты көшіруге болатын тапсырмадан гөрі, талдауды, салыстыруды, пікір айтуды талап ететін жұмыс түрлеріне көшуі қажет. Мысалы, «мәтінді жаз» деудің орнына «осы мәтіндегі оймен келісесің бе, неге?» немесе «осы жауапты өмірмен байланыстырып түсіндір» деген бағыттағы тапсырмалар оқушыны ойлануға мәжбүр етеді.


Үшіншіден, ChatGPT-ді ашық түрде сабаққа енгізу пайдалы. Көп жағдайда оқушы оны жасырын қолданады, ал мұғалім «ұстап алуға» тырысады. Бұл – сенімге сызат түсіреді. Оның орнына: «ChatGPT-ден жауап алыңдар, бірақ оны тексеріп, түзетіп, өз ойларыңмен толықтырыңдар» деп бағыт беру әлдеқайда тиімді. Осы арқылы оқушы ақпаратты сүзгіден өткізуді, жалған немесе әлсіз жауапты ажыратуды үйренеді.


Төртіншіден, мұғалім өзі де ChatGPT-ді меңгеруі керек. Мұғалім қолданбай тұрып, оқушыға тыйым салуы – нәтижесіз. ЖИ-дің қалай жұмыс істейтінін түсінген мұғалім оқушының тапсырманы өз бетінше орындағанын немесе толықтай жасанды интеллектке сүйенгенін де оңай аңғарады. Сонымен қатар ChatGPT мұғалімге сабақ жоспарын жасауға, идея ойлауға, дифференциация жасауға көмекші бола алады.


Бесіншіден, бағалау жүйесіне қайта қарау қажет. Егер бағалау тек соңғы нәтиже арқылы қойылса, ChatGPT бәрін «әдемілеп» беріп қояды. Ал егер мұғалім процессқа мән берсе – жоспар, черновик, ауызша түсіндіру, қорғау – онда оқушының нақты білімі көрінеді. Оқушы дайын мәтінді оқып бере алады, бірақ сұрақ қойғанда шатасса, бәрі анықталады.


Ең соңында, мұғалім оқушыға бір маңызды ойды жеткізуі керек: ChatGPT – ойдың орнына ойлайтын емес, ойды дамытуға көмектесетін құрал. Егер оқушы тек көшірсе – ол өзіне зиян. Ал егер сұрақ қоюды, нақтылауды, салыстыруды үйренсе – ол технологияны ұтты пайдаланғаны.


Қорытындылай айтқанда, ChatGPT мұғалімнің беделін түсірмейді, керісінше кәсіби мұғалімді айқындайды. Жаңа құралдан қашпай, оны саналы түрде қолдана білген ұстаз ғана бүгінгі оқушыға шынайы білім бере алады.