ТАНЫМАЛ фильмге ұқсас ОЙЫН түрінде қалай сабақ өтіп көріңіз

0
149

Дәл осы фильмді сабаққа енгізсек, оқушы пассив тыңдаушы емес, әрекет етуші кейіпкерге айналады.


ТАНЫМАЛ фильмге ұқсас ОЙЫН түрінде қалай сабақ өтіп көріңіз

көрнекілік: fgosdo.ru сайтынан

«Үйде жалғыз» («Один дома») фильмі неге бәрімізге ұнайды? Себебі онда бала жалғыз қалса да, ойлайды, жоспар құрады, қателеседі, бірақ бәрін өзі шешеді. Дәл осы принципті сабаққа енгізсек, оқушы пассив тыңдаушы емес, әрекет етуші кейіпкерге айналады. Бұл фильм стильіндегі сабақ дегеніміз – мұғалім бәрін түсіндіріп беретін емес, оқушыға жағдай жасап, таңдау мен жауапкершілікті беретін формат.


Бұл тәсілде мұғалім «басты кейіпкер» болмайды. Ол тек сценарий құрып береді: тапсырмалар, шарттар, уақыт, шектеулер. Ал оқушы сол ортада өзі шешім қабылдайды. Біреу жалғыз, біреу шағын топта, біреу мүлде басқа жолмен орындауы мүмкін. Мұндай сабақта тыныш отырған сынып болмайды, бірақ тірі ойлау жүреді.


Ең бастысы – бұл стиль барлық пәнге келеді.


Қазақ тілі мен әдебиетте мұғалім дайын мәтінді талдатпайды, керісінше оқушыға жағдай ұсынады. Мысалы, «Сен – осы шығарманың кейіпкерісің, бірақ автор жоқ. Не істер едің?» немесе «Мәтіннің бір бөлігі жоғалып кетті, оны өз логикаңмен қалпына келтір». Оқушы ChatGPT-ден де сұрауы мүмкін, кітапты да ақтарады, бірақ соңғы шешім – өзінікі. Мұғалім тек сұрақ қояды.

Математикада «Үйде жалғыз» стилі өте жақсы жұмыс істейді. Дайын формуланы жаттатудың орнына: «Саған мынадай жағдай берілді, есептің жауабын табу үшін өз жолыңды таңда» деп тапсырма беріледі. Бір оқушы формуламен, біреуі логикамен, біреуі сурет салып шешеді. Сабақ соңында ең маңыздысы – дұрыс жауап емес, шешу жолын қорғау.

Тарих пәнінде оқушыға «уақыт машинасы» беріледі. «Сен сол кезеңдесің, бірақ оқулық жоқ. Қандай шешім қабылдар едің? Оның салдары қандай болар еді?» деген форматта жұмыс істейді. Мұнда оқушы деректі жаттамайды, тарихи ойлауды үйренеді. Бір оқушы қателесуі мүмкін, бірақ дәл сол қате – ең жақсы оқу материалы.

Географияда «Үйде жалғыз» стилі карта мен өмірді байланыстырады. «Сен туристсің, интернет жоқ, осы елде бір апта өмір сүруің керек. Қай аймақты таңдайсың, неге?» деген сияқты тапсырмалар арқылы климат, ресурс, логистика бәрі бірге оқылады. Оқушы жай факті емес, таңдау жасайды.

Биология мен химияда бұл тәсіл зерттеушілікке жол ашады. «Саған тек бастапқы дерек берілді, қорытындыға өзің жет» деген тапсырмалар оқушыны ойлануға мәжбүр етеді. Мұғалім дайын тәжірибені көрсетпей, «қалай тексерер едің?» деп сұрайды. Бұл – нағыз ғылымға жақын формат.

Шет тілдерінде «Үйде жалғыз» стилі өте тиімді. «Сен шетелдесің, мұғалім жоқ, мына жағдайдан қалай шығасың?» деген рөлдік тапсырмалар оқушыны сөйлетуге мәжбүр етеді. Қате сөйлеу қорқынышы азаяды, себебі бастысы – жағдайдан шығу.


Әрине, мұндай сабақта толық бақылау жоқ сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде мұғалім сыныпты емес, ойлауды басқарады. «Үйде жалғыз» стильіндегі сабақта оқушы жалғыз қалмайды, керісінше өзіне сенуді үйренеді.

Қорытындысында, бұл формат – тәртіп үшін емес, даму үшін жасалған сабақ. Мұнда идеал тыныштық жоқ, бірақ тірі қызығушылық бар. Ал бүгінгі білімге дәл осысы керек.