Әлеуметтік желіде белсенді болу — жаңа буын оқушылармен және ата-аналармен байланыс орнатудың тиімді жолы ма?
көрнекілік: t1.com сайтынан
Қазіргі заманда мұғалім тек сабақ беруші емес, қоғамдағы пікір қалыптастырушы тұлғаға айналды. Әлеуметтік желіде белсенді болу — жаңа буын оқушылармен және ата-аналармен байланыс орнатудың тиімді жолына айналып отыр. Сондықтан соңғы жылдары «мұғалімнің блог жүргізгені дұрыс па?» деген сұрақ жиі талқыланып келеді. Бұл тақырыпты қозғамай өту мүмкін емес, себебі заманауи педагогтың өмірі енді тек сыныптағы сабақпен шектелмейді.
Мұғалімнің блог жүргізуі ең алдымен – тәжірибе бөлісудің жаңа форматы. Көптеген ұстаздар сабақ өту әдістерін, пайдалы цифрлық құралдарды, мотивациялық кеңестерді өз парақшаларында бөлісіп, мыңдаған әріптестеріне шабыт беріп жүр. Мысалы, Instagram мен TikTok-та танымал Ақмоншақ Нұртаза ұстаздық өмірдің шынайы сәттерін, мектеп ішіндегі мотивацияны, басшылық пен педагогикалық ортадағы шынайы өмірді көрсетіп, көпшілік назарына түскен еді. Алайда, ол биыл жазда «Бәрін тоқтаттым. Мектеп. Қызмет. Әлеуметтік желі» деген жазба жариялап, жұртты ойландырды. Ақмоншақтың бұл мәлімдемесі мұғалімнің блог жүргізуі қаншалықты қиын әрі жауапты іс екенін көрсетті. Кейін ол сұхбаттарының бірінде:
«Мен бұл парақшаға жай ғана тренд қуып отыратын блогер ретінде емес, миссиясы бар ұстаз ретінде қарадым» – деген болатын.
Осы сөздің өзінен мұғалім блогының мақсаты қандай болуы керек екені айқын көрінеді: блог тек танымал болу үшін емес, білім тарату мен қоғамға ой салу үшін жүргізілуі тиіс.
Ал жас мұғалімдердің арасынан блогты кәсіби даму мен шабыт алаңы ретінде пайдаланатындар да көп. Солардың бірі – Ақсәуле Мәди. Ол өз парақшасында заманауи сабақ үлгілерін, оқушылармен тиімді қарым-қатынас орнату тәсілдерін және педагогикалық мотивация тақырыптарын көтереді. Ақсәуле Мәди:
«Блог – мен үшін шығармашылық алаң. Мұғалім өз тәжірибесін бөліспесе, ол тоқтап қалады» – деп жазады.
Бүгінде мұндай көзқарас көп мұғалімге серпін беріп отыр. Себебі блог тек жарнама не тренд құралы емес, өз ісіне адал маманның тәжірибе күнделігіне айналуы мүмкін. Мұғалімдердің блог жүргізуі арқылы қоғам ұстаздың еңбегін жақынырақ тани бастады.
Дегенмен, мұндай ашықтықтың өз жауапкершілігі бар. Әлеуметтік желіде жарияланған әрбір жазба, бейне, пікір – тек жеке адамдікі емес, бүкіл педагогикалық қауымның имиджіне әсер етеді. Сол себепті мұғалім блог жүргізгенде этикалық шектеулерді ұмытпауы қажет. Әрбір сөз оқушының, ата-ананың немесе әріптестің санасында белгілі бір әсер қалдырады. Блог арқылы тәрбие де беріледі, сондықтан педагогтың мәдениеті, сөйлеу мәнері мен тақырып таңдауы үлкен рөл атқарады.
Қазіргі таңда Қазақстанда ұстаздарға арналған кәсіби блогтар көбейіп келеді. Олардың кейбірі сабақта қолдануға болатын онлайн платформаларды таныстырады, кейбірі мотивациялық бағытта жазбалар жариялайды. Бұл тенденция білім берудің ашық, заманауи сипатын көрсетеді. Мұғалім өз блогы арқылы тек өз мектебіне емес, тұтас қоғамға әсер ете алады.
Сонымен, мұғалімнің блог жүргізгені дұрыс па? Әрине, егер блогтың мақсаты білім мен тәрбиеге қызмет етсе – дұрыс. Егер ол кәсіби беделге нұқсан келтірмей, оқушылар мен әріптестерге шабыт берсе – одан асқан игілік жоқ. Бірақ бұл іс жауапкершілік пен уақытты қажет етеді. Әр посттың артында ұстаздың ұстанымы, жүрек жылуы және ең бастысы, үлгі болуы керек.


