​«Арыстанбек атымды сызып тастаған»: Алмат Сақатов мемлекеттік атақтың сатылатынын айтты

0
2 585

«13 жыл өмірім қалды»


​«Арыстанбек атымды сызып тастаған»: Алмат Сақатов мемлекеттік атақтың сатылатынын айтты

Кезінде «Бауыржан шоу» театрында өнер көрсеткен танымал актер Алмат Сақатов кино саласында жүрген әріптестеріне өкпе-ренішін білдірді. Оның айтуынша, қазір оқымаған, тәрбиесіз әртістер көбейіп кеткен көрінеді. Өнер иесі бұл жайлы «Ашық подкаст» ютуб каналында айтты.


«Мен өнер саласында жоғары білім алмаған, театр институтын бітірмеген, Ауыл шаруашылығы, Политехникалық университеттерін бітіріп, КВН ойнап танымал болған балалар жайлы айтып отырмын. Олар қазір кино түсіріп жатыр, үлкен-үлкен жұлдыздар, концерттерді жүргізіп танымал боп кетті. Олар бұған еңбектің арқасында келді. Оқыған балалар бар, олар жалқау, жұмыс істемейді. Бірақ, атақты болғысы келеді. Ал әлгі оқымаған балалар жанталасып жұмыс істеп жатыр. Десе де шығарған дүниелері біркүндік, тез өтіп кететін нәрсеге қызығады. Ертеңіне елдің есінен шығып кетеді. Астары жоқ, айтары жоқ, бір рет тырқылдап күліп, күліп кетесің, болды», - деді актер.


Өнер иесі болашағы жөнінде сөз қозғады.


«Менің жасым қазір 57-де. Он үш жылдан кейін 70-ке келеді екем. Яғни менің ойнап-күлуге, айтарымды айтуға, жүріп-тұруға он үш-ақ жыл өмірім қалды. Жетпістен кейін үйден шыға алмайсың, ауырасың, басқасы тағы бар. Кәрілік келеді. Сондықтан мен қалған 13 жылымды әркімге жәутеңдеп өткізгім келмейді. Сол үшін айтқым келген нәрсені ашық айтып жүрмін», - деді Алмат Сақатов.


Актер мемлекеттен атақ ала алмай қалғанына экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлын айыптады.


«Мен кезінде атақ алуға ұмтылып көрдім. Жігіттер екі рет ұсынды. Бір жолы бір жігіт «Бес мың доллар берсең, ертең-ақ алып беремін» деп айтты. Атақ үшін бес мың беріп не қылам дедім, онсыз да жұмысымды істеп жатырмын. Азды-көпті ел біледі. «Маған өйтіп сатып алған атақ керек емес» деп бас тарттым.


«Мынау министр отырғанда сен өтпейсің» деп айтқан адамдар болды. Себебі кезінде жас кезімізде ұстасып қалғанбыз. «Бауыржан шоудың дүркіреп тұрған кезі, кеудемізге нан піспек түгілі, наубайхана болған. Сондай кездерде әлгі министрмен ерегісіп қалғанбыз. Оның да кінәсі болды негізі. Бәлкім сол есінде қалып қойды ма екен. Соны бір кездескенде өзінен сұраймын деп жүргем. Бірақ қазір арғы жаққа кетіп, отырып қалды ғой», - деді Алмат Сақатов.