Жыл соңына дейін Алматы облысында 6 мектеп ашылады

0
95

Соңғы үш жылда Алматы өңірінде барлық салада 176 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 57 мыңнан 19 мыңға дейін, яғни 3 есе азайды.


Жыл соңына дейін Алматы облысында 6 мектеп ашылады

ERNUR.KZ. Өңірде ерекше қажеттіліктері бар балаларға кешенді көмек көрсету саласында да маңызды нәтижелер бар. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің ОКҚ брифингінде айтуы бойынша, қазір өңірде баламасы жоқ «Ақжол-М» балаларды оңалту орталығы жұмыс істеп жатыр. Орталықты жабдықтауға «Қазақстан Халқына» қоры тарапынан 1 млрд-қа жуық қаражат бөлінген.

«2022 жылдан бері 69 жаңа мектеп және 6 жапсаржай салынды, сондай-ақ 55 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Нәтижесінде соңғы үш жылда үш ауысымда білім беретін мектептердің саны 52-ден 28-ге дейін қысқарды. Жыл соңына дейін тағы 6 мектеп ашылып, 20 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады»,- деді аймақ басшысы.

Ол білім сапасы жайында да сөз қозғады. Мәселен, 2022–2023 оқу жылының қорытындысы бойынша орташа білім сапасы 66,4% болса, биылғы оқу жылында 68,9%-ға жетті. Соңғы үш жыл қатарынан Білім-инновация лицейі тәжірибесі негізінде облыста 7 мыңнан астам педагог маман қайта даярлау курстарынан өтті. Республикалық олимпиада жеңімпаздарының саны үш есеге артып 301 балаға жетсе, халықаралық деңгейдегі жүлдегерлер саны да ұлғайып 11-ден 28-ге жетті.

Биыл облыста 18 мың оқушы мектеп бітіріп, оның 7 700-і мемлекеттік гранттар арқылы жоғары оқу орындарына түсті.

Сонымен қатар Қытай Халық Республикасының Синьцзян университетіне 27 түлек тегін оқуға жіберілді. Бұл жоба – өңірлік деңгейдегі «Болашақ» бағдарламасының баламасы. Өңірде денсаулық сақтау саласында 356 нысан бар, олардың тозу деңгейі 54%-ды құрайды. 2022-2025 жылдар аралығында 55 нысанға құрылыс жұмысы жүргізілді. 6 млрд теңгеге 153 бірлік медициналық жабдық сатып алынды.

Бұл – шалғайда жатқан ауыл тұрғындарына қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсетуге алғашқы қадам. Мәселен, 300 шақырым қашықтықта орналасқан Нарынқол ауылының тұрғындары Алматы қаласына немесе облыс орталығына келместен негізгі медициналық қызметтерді ала алады.

Мәдениет және спорт нысандары да пайдалануға берілуде: 7 мәдениет үйі, 6 спорт кешені, мемлекеттік архив және өнер мектебі салынды.