2025 жылғы 9 сәуірден бастап ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен қазақстандық су саласы мамандарының бірінші тобы ҚХР-да біліктілікті арттыру курстарынан өтуді бастады.
ERNUR.KZ. Бірінші топқа 30 маман кірді. Бұдан әрі Қытайда 25 адамнан тұратын тағы 3 топ білім алады. Жалпы көрші елде екі апталық біліктілікті арттыру курстарынан су саласының 105 маманы өтеді, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Қазақстандық мамандар жоғары оқу орындарында емес, Қытай Халық Республикасының өндірістік учаскелері мен нысандарында «Power China» қытай компаниясымен қол қойылған меморандум шеңберінде біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.
Курстардың тақырыптары қажеттіліктерге сәйкес өткізіледі:
- су шаруашылығы объектілерін жоспарлау, су тасқынының алдын алу және табиғи апаттардан болатын залалды азайту бойынша;
- табиғи апаттардан кейін қалпына келтіру және су шаруашылығы объектілерін жоспарлау бойынша;
- су ресурстарын игеру және пайдалану және суды басқару бойынша;
- су ресурстарын басқару және ағынды суларды тазарту бойынша.
Курстардан өту кезеңіндегі барлық шығын қытай тарапының есебінен жабылады.
Әрбір өңірде су шаруашылығы коммуналдық ұйымдарын құру, сондай-ақ су шаруашылығы ұйымдары қызметкерлерінің алдағы 4-5 жылда зейнетке шығуы жөнінде Үкімет қабылдаған шешімді ескере отырып, су шаруашылығы мамандарына қажеттілік 1,7 мың адам мөлшерінде болжанып отыр.
Осыған байланысты су шаруашылығы саласындағы кадрлар тапшылығын болдырмау үшін ғылым және жоғары білім, су ресурстары және ирригация, сондай-ақ оқу-ағарту министрліктері су саласы үшін кадрлар даярлау жөніндегі 2024-2025 жылдарға арналған жол картасын қабылдады.
Жол картасы су саласының мамандарына еңбек нарығының қажеттіліктеріне талдау жүргізуді көздейтін 28 іс-шарадан тұрады. Құжатта білім беру бағдарламаларын жаңарту, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беруді жақсарту көзделген.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес су саласы үшін кадрлар даярлауды жақсарту мақсатында білім берудің инновациялық әдістерін қолдана отырып, жаңа кәсіптік стандарттар мен білім беру бағдарламаларын әзірлеу қарастырылған.
Сондай-ақ 2023 жылы Министрлік жанынан Су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру және ирригация саласындағы кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңес құрылып, жұмыс істеп жатыр. Оның құрамына су саласы үшін кадрлар даярлаумен айналысатын ЖОО мен колледждердің профессорлары мен оқытушылары кірді.
2024 жылы Салалық кеңес «Гидротехникалық мелиорация» және «Бөгеттер мен дамбылар құрылысы» екі кәсіби стандартын, сондай-ақ «Су шаруашылығы» салалық біліктілігін өзектендіріп, бекітті.
2027 жылға дейін су саласының кадрларын даярлау сапасын одан әрі жақсарту үшін 9 жаңа кәсіби стандарттарды өзектендіру және әзірлеу жоспарлануда.
Жоғарыда аталған стандарттар негізінде жоғары оқу орындары мен колледждер жұмыс берушілердің қажеттіліктерін ескере отырып, өздерінің білім беру бағдарламаларын жаңартады.